Республика күні қарсаңында, 21-22 қазанда Құрманғазы аудандық денешынықтыру және спорт кешенінде Самаркин ауылы жастарының ұйымдастырумен «Спорт нашақорлыққа қарсы» ұранымен ерлер арасында волейбол мен футболдан «Самаркино кубогі» үшін сайыс өтті.
Бұл турнирдің мақсаты үлкен қалаларда синтетикалық жане психотроптық есірткінің таралуының көбеюін болдырмау, ауыл жастарын салауатты өмір салтын қолдауға шақырып, нашақорлыққа қарсы (имунитет) мадениет қалыптастыру. Шара екі күнге жалғасып, өз мәресіне жетті.
Алғашқы күні 1965-2008 жылдар аралығында туған ауыл тұрғындары 13 командаға бөлініп волейболдан бақ сынады. Жарыс тартысты өтіп, ақтық сайыста 1995 жылы дүниеге келгендерден құрылған «Жалын» командасы аз ғана ұпаймен басым түсіп, жеңімпаз атанса, «Ардагерлер» командасы екінші орынды иеленді. 1988-1989 жылғылардан құралған «Арлан» командасы ІІІ орын алды. Турнир қорытындысымен үздік ойыншылар марапатталды. Сағындық Сауметов «Үздік шабуылдаушы», Руслан Серікбол «Үздік қорғаушы» атанды.
Турнирдің екінші күні футболдан жарысқа ұласты. Мұнда 1996-1998 жылы туғандардан құралған «Эльдар» командасы оқ бойы озып, басқалардан мерейі үстем болды. ІІ орынды 1991 жылы туғандардан құралған «Найза» командасы алды. 2003-2007 жылғылардан құрылған «Жастар» командасы ІІІ орынды қанжығасына байлады. Ардагер спортшылар Серік Мадиев «Үздік қақпашы», Ернар Исмағұлов «Үздік шабуылшы» номинацияларына лайық деп табылды. Осы турнирге аяқтай келіп қатысқан ауыл ағалары сөз сөйлеп, рахметтерін айтып осындай іс-шараларды көбейте түсуді сұрап, жастарға нашақорлықтан алыс болыңдар деген тілектерін айтты. Шара мерекелік дастарқанға ұласты.
Соңында Самаркин ауылының жастары осы жарысты өткізуге атсалысқан кәсіпкерлерге және Құрманғазы аудандық денешынықтыру және спорт кешенінің директоры Әдебиет Ердешовке, басқа да ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Қанат Ғұмаров