Спорт күні мерекесіне орай Теңіз ауылында «Спорт – мықтылық мектебі» атты мерекелік шара өтті.
Шараны жүргізген Болат Бидоллаев пен Жазира Сәрсенғалиева ақжолтай хабарды жеткізіп – Өзбекстан елі, Андижан қаласында 20 ел бақ сынаған сайыста күштік экстримнен Әлем чемпионатында жерлесіміз Бралин Ерсейт 105 келі салмақта 3-орын иеленгенін, Ақкөл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Жалиден Әли мен Қалиев Мехмет Тараз қаласында өткен жастар арасындағы грэплингтен Қазақстан чемпионатында күміс жүлде иеленіп, Грецияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алғанын сүйіншіледі. Қуаныш Толыбекұлы «Қазақстан» әнін орындағаннан кейін кезек жеңімпаз спортшыларды марапаттауға берілді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға жеңісті жолдарыңыз жалғаса берсін, шығар биіктеріңіз көп болсын деген игі тілегін жеткізіп, туған жеріміздің, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларымыз Жаннұр Хамитова, Гүлбақыт Қайыржанова, Нәжімиден Төлеген, Мансур Амантай, Нұрайлым Бақытжанқызы, Айнамкөз Мақсатқызы, Амира Есенғұл, Айару Есенғұлды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Келесі кезекте аудан спортының дамуына елеулі үлес қосқан спорт ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мадат Сәрсекеев сөйлеп, осындай өнегелі, тағылымды шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдірді. Шара барысында сонау 1960-1970 жылдардан күні бүгінгі дейін жеңіс тұғырынан көрініп аудан спортының атын шығарған спортшыларымыздың аттары аталып, ардақталды.
Айнагүл Шакупова