Спорт кешені салынады, бірақ...

(2 Votes)

Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Хамзаеваның есепті баяндамасында өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жан-жақты қамтылып, алдағы міндеттер назарға берілді.

Олардың қатарында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша шағын бизнесті және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту, өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылды абаттандыру, көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстарын аяқтау, демалатын орындарды нығайту, елді мекеннің санитарлық жағдайын қалыпты ұстау мақсатында қатты қалдық полигонын, ауыл тазалығын үнемі назарда ұстау, жеке тұрғындардың жазғы мезгілде өндіретін мал және егін шаруашылығы өнімдерін сататын орынды ұйымдастыру, округ көлеміндегі ескі ғимаратттарды бұзып, орнын тегістеу сияқты шаралар жоспары аталды.

Ауыл тұрғындары Еркебұлан Өтебаевтан «Сафонда шағын футбол алаңы ашылды, енді дене шынықтыру кешені салына ма, салынса қай уақытқа жоспарланған?», Аманғали Сейтековтен «Жылдан жылға Қиғаш өзені бойы тайызданып барады, Сафон арнасының каналы тереңдетіліп қазыла ма?» сияқты алдын-ала сұрақтар жолданды. Сонымен бірге, әлеумеуттік желіден елді мекендердегі зираттарды қоршау, туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жайлы ұсыныс-пікірлер түсті.

Бұл сауалдарға жиынға қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров жауап қатарды. – Ауданда жасақталған өңірлерді дамытудың 2021-25 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша төрт елді мекенге, Сафон, Еңбекші, Нұржау және Балқұдық ауылдарына дене шынықтыру кешенін салу жоспарда бар, бюджеттік сұраныс берілді. Бұл жерде айтпағым, бұл кешендер іске берілгеннен кейін өз мақсатында жұмыс жасауы қажет. Ол үшін жергілікті жерде өз жаттықтырушылары болуы тиіс, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері оларда дәріс бере алмайды. Аудан көлемінде бұрыннан істеп тұрғандарын қажетті мамандармен толықтай қамтамасыз ете алмай отырмыз. Алдымен осындай мәселелерді шешіп алуымыз қажет. Түп тереңдету жөнінде біраз айтылды, биылғы жылы бұл жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Алайда бұл жобада қамтылмай қалған қосымша 243 шақырым түп тереңдету жұмыстары алдағы уақытта атқарылуы керек, соның ішінде Сафон округіне қарасты арналар да қарастырылған. Қаражат бөлінгеннен кейін бұл жұмыстар жалғасын табады. Зираттарды қоршау жөнінде айтарым, күні бүгінге аудан көлеміндегі зираттар есепке алынып нақтыланды, қаражат көзі қарастырылып, жер актілері жасақталды. Алдағы уақыттарда ақша бөлінген жағдайда қолға алынады деп күтілуде, - деген сөйлеуші әлеуметтік желіде көтерілген туризмді дамыту бойынша Қиғаш өзені жағасында орналасқан округтің мүмкіндігі өте жоғары екендігіне тоқталды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521