Президентіміз әрбір жүйенің қызметінің тиімділігі істелген жұмыстың көлемімен емес, сапасымен өлшенуі қажет екенін, одан халық хабардар болып отыруы қажеттігін атап көрсетті.
Соның ішінде сотта қылмыстық істерді қарау – адам тағдырын шешетін жауапты әрі күрделі жұмыс. Әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Сол себепті бұл жерде көп нәрсе судьяның біліктілігі мен қара қылды қақ жарған әділдігіне тіреледі. Құрманғазы аудандық сотында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, атқарылған жұмыстар туралы хабардар ету, толғантқан сұрақтарға жауап беру дәстүрге айналды. Мұндай ашықтық өз кезегінде сот жүйесінің жұмысы, судья қызметі туралы халықтың түсінік-танымын қалыптастырып, құқықтық сауаттылықты арттыруға үлес қосады. Жақында Құрманғазы аудандық соты судьясының міндетін атқарушы Менситова Бейбітгүл Мағазқызы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындысымен брифинг ұйымдастырған болатын.
– Бейбітгүл Мағазқызы, биылғы жылдың осы мерзіміне дейін Құрманғазы аудандық сотымен сот төрелігін жүзеге асыру бағытында қандай жұмыстар жасалды?
– 2025 жылдың 6 айында Құрманғазы аудандық сотының өндірісіне азаматтық істер бойынша 382 арыз, 13 азаматтық іс түскен. Бұдан бөлек алдыңғы есеп беру кезеңінен қалдыққа қалған 33 іс, 1 арыз бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылдың 6 айында 297 арыз, 19 азаматтық іс түссе, алдыңғы есеп беру кезеңінен қалдыққа қалған 27 іс, 6 арыз болған еді. Былтырғы жылмен салыстырғанда талап қоюлар саны 94,5 пайызға немесе 85 арызға көбейген. 2025 жылдың 6 айында 382 арыздың ішінен 8-ін қабылдаудан бас тартылды, 65-і қайтарылды, ал 2024 жылдың 6 айында 297 арыздың ішінен 37 арыз қайтарылған болатын. Демек, былтырғы жылмен салыстырғанда қайтарылған талап қоюлар саны 28 арызға көбейген. 2025 жылы 6 айда 243 азаматтық іс қозғалған, барлығы 302 азаматтық іс аяқталып отыр. Ал 2024 жылдың осы мерзімінде 240 азаматтық іс қозғалған, барлығы 263 азаматтық іс аяқталған. Айта кетер жайт, былтырғы жылмен салыстырғанда аяқталған істер саны 39 іске артқан.
– Кейде тараптардың сот үкімі немесе шешіміне көңілі толмай, жоғары тұрған сотқа шағымданып жатады. Ондай жағдайлар бар ма?
– Аппелляциялық, кассациялық тәртіппен қаралған азаматтық істер бойынша тоқталсақ, 2025 жылдың 6 айында апелляциялық тәртіппен қаралу үшін Атырау облыстық сотының апелляциялық сот алқасына 12 іс жолданды. 5 азаматтық іс апелляциялық алқада қаралу барысында. 2 шешімнің, 1 ұйғарымның күші жойылды, оның біреуі 2024 жылы жолданған 1 қайтарылған арыз. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 2024 жылдың 6 айында апелляциялық сатыға 8 іс жолданып, өзгеріссіз қалдырылған. 2025 жылдың 6 айында апелляциялық сатыға 7 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жіберіліп,1 іс өзгеріссіз қалған. 1 іс бойынша қаулының күші жойылған
–Қанша қылмыстық істер қаралды?
–2025 жылдың 6 айында қаралған қылмыстық істер бойынша қорытынды ақпарат бере кетейін. Аталған мерзімде Құрманғазы аудандық сотының өндірісіне 38 адамға қатысты 30 іс келіп түскен. Бұған (12 адамға қатысты алдыңғы жылдан қалдықта қалған 8 іс) қосылды. Осы 38 қылмыстық істің 21-і үкім шығарумен аяқталса, 2-сі жәбірленушімен татуласуларына, 1-і айыптаушының жеке айыптаудан бас тартуына байланысты қысқартылып, 1-і соттылықпен жолданып, 2 іс прокурорға қайтарылды, 11-і қалдықта қалдырылғанын қаперге беремін. Тағы да салыстыра кетсек, 2024 жылдың 6 айында сот өндірісіне 51 адамға қатысты 43 қылмыстық іс келіп түссе, (7 адамға қатысты 7 іс алдыңғы жылдан қалдықта қалған еді). Жалпы 50 қылмыстық істердің ішінен 41-і үкім шығарумен қаралып аяқталып, 1-і жәбірленушімен татуласуына, 2-сі айыптаушының жеке айыптаудан бас тартуына байланысты қысқартылып, 2-сі соттылықпен жолданып, 2-сі прокурорға қайтарылып, 3-і қалдықта қалдырылды. Бұл, яғни, 2024 жылдың 6 айымен салыстырғанда 2025 жылдың 6 айында жалпы қылмыстық істердің саны 12-іске азайғанның көрінісі. Үкім шығарумен қаралған істерге келсек, мұның саны 2025 жылдың 6 айында 29 адамға қатысты -21. Ал, 2024 жылдың 6 айында 49 адамға қатысты 41 іс үкім шығарумен қаралған.
Құрманғазы аудандық сотының 2024 жылдың 6 айымен 2025 жылдың 6 айында қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді де атап өтейін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің сотта қаралу сапасын айтсақ, 2024 жылдың 9 айында 518, ағымдағы жылдың 6 айында 496 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралап, аяқталып отыр. 22 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге, яғни – 95,7 пайызға азайған. 2024 жылдың 6 айында 5 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша жекеше қаулы шығарылып, жауаптары мерзімінде берілген. 2025 жылдың 6 айында 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жекеше қаулы шығарылып, 2 істің жауабы берілген. Бізге әділдік іздеп келеді. Әрбір азаматтың Конституциялық құқын қорғау, қылмыстық істерді заңдылықтар аясында әділ шешу басты мақсатымыз болып қала береді.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Айнагүл Шакупова