Соғыс ардагеріне арналған көрме-кездесу өтті

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық архив филиалында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жаудин Хамит Айбекұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Ұлы ерлік – ұрпаққа үлгі» атты көрме-кездесу ұйымдастырылды.

Жиналғандар алдымен майдангердің жинақталған жек тектік құжаттарын тамашалады. Шараны архив директоры Берік Қаменов ашып, архив қорындағы жеке тектік құжаттар туралы мәлімет беріп, Хамит Айбекұлының қысқаша өмірдерегімен таныстырды. Көрме-кездесуге қатысқан аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсия Шарипова, Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмас Нұрмұханов сөз сөйлеп, бұл шараның жас ұрпаққа берер ұлағаты мол екеніне тоқталды. Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов көп адам Хамит ағаға қарап бой түзеп өскенін, өсиет сөздерін естігенін, оның өзіне де, өзгеге де талап қоя білгенін, қанша мақтау алып жатса да қарапайымдылығынан танбағанын тілге тиек етіп, бүгінде ұрпақтары әке атына кір келтірмей келе жатқандығы үшін ризашылығын білдірді. Кездесу барысында туыстары атынан Нина апай мен ұлы Талғат Жаудин сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, аудан көлемінде атқарылып жатқан шараларды алға тартты.

Айта кетейік, аудандық спорт кешенінде де кіші аяқ добынан турнир өткізілді. Жарысқа 14 құрама қатысты. Екі күнге созылған турнир нәтижесінде І орынды Монбан командасы, ІІ, ІІІ рындарды Кіресті, Ақкөл құрама командалары иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар, дипломдар, кубоктар табысталды.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT