Соғыс ардагерін еске алуға арналған кіші аяқ доптан турнир өтті

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жаудин Хамит Айбекұлының туғанына 100 жыл толуына орай еске алуға арналған кіші аяқ добынан турнир оздырылды. 

Жарысқа 14 құрама қатысты. Сайыс ардагердің ұрпақтары мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Ашылу салтанатында спортшылар алдында соғыс ардагерінің ұлы Талғат Жаудин сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Майдангер Хамит Айбекұлы 1942 жылдың 20 мамырында оқу аяқталмай тұрып-ақ, соғысқа аттанады. Иосиф Сталиннің аты тегімен аталған ірі танкілердің бірі – «ИС»-те танкіші, бағдарлаушы, әрі пулеметші болып алғы шепте тұрды. Ворнеж, 1-ші Украина, Дала майданы, Орел-Курск шайқастарына қатысып, майдан жолдарынан өткен. Осы алапат шайқаста ол өзге майдандастары сияқты ерлік үлгісін бір емес бірнеше рет көрсетіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Алғы шептегі ауыр шайқастардың бірінде жарақат алып, бір аяғынан айырылып, 1945 жылдың сәуірінде елге оралған.

- Бүгін үлкен спорттық жарыс өтіп жатыр. Марқұм әкеміз Жаудин Хамит Айбекұлы тірі болғанда 100 жасқа толар еді. Осыған орай, ағайын-тума, ұрпақтары болып ақылдасып, түрлі шараларды өткізуді қолға алып отырмыз. Бірінші осы кіші аяқ доптан турнир өткізуді жөн көрдік. Бұл шараларды 9-шы мамыр Жеңіс күнімен ұштастырып отырмыз. Анам Зорманова Мәрия да соғыс ардагері,- дейді ардагердің ұлы Талғат Жаудин.

Екі күнге созылған тартысты турнир нәтижесінде Ақкөл командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі ІІ орыннан Кіресті құрамасы көрінсе, Монбан командасы ІІІ орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, Бейбарыс Хайроллаұлына «Үздік қақпашы», Айбек Тілеуғалиевке «Үздік қорғаушы», Шернияз Сырымбетұлына «Үздік ойыншы» номинациялары табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар, кубоктар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT