Қазір Құрманғазы ауданында жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұрын бомбалаудан кейінгі жер сияқты шұңқырдан көз ашқызбайтын асфальтымыз болды. Ол жарықтық талай мәрте ақпарат құралдарында да сыналды. Оның бойындағы ойықтан қашқан көліктер сан мәрте сүзісіп, біраз адамдар жарақат та алды.
Ақыры көптің тілегін құдай да құп көрді ме, қаржы бөлініп бірер жылдан бері жол құрылысы жұмыстары жалғасуда. Оған қуаныштымыз. Қазақстанның батыс шекарасында, кіре беріс қақпасында орналасқандықтан бізге дұрыс жол керегі айдан айқын нәрсе. Себебі, үстімізден қаншама шетелдіктер өтеді, солардан ұят. ХХІ ғасырда, мұнайлы өлкеде отырып тесік-тесік жолмен жүрген отыз елдің қатарына ұмтылған Қазақстан үшін жақсы имидж емес.
Менің айтқым келгені айналма жолдардың бүгінгі жағдайы. Бұрын Котяев ауылына барғымыз келсе ойығы көп Атырау-Астрахань жолынан қашып, Бірлік ауылы жағындағы трассамен кететін едік. Оның да оңып тұрғаны шамалы болғанымен, әйтеуір біріншісінен тәуір. «Топал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты», дегендей енді қазір ол жол да жоқ. Құрманғазы мен Бірлік ауылы бағытындағы жолдың құрылысы басталғанына 3-4 жылдың үстіне шықты. Неғылған бітпейтін құрылыс? Ұлы Қытай қорғаны ма? Ол басталғанда дүниеге келген бала тәй-тәй басып кетті, біз оның үстімен әлі қозғала алмай армандап жүрміз. Әлде сол бала өсіп, көлік алғанда берейін деп жатыр ма? Аталған екі бағытта да жаңа асфальт жол құрылысы жүріп жатқандықтан күніміз айналма жолдарға қарап қалды.
Айналма жолардың сапасы сын көтермейді. Соқпалығы өз алдына, көлігіміз де жиі бұзылады. Қазір қосалқы бөлшектің құны да шарықтап тұр. Бұл жолдарды жиі күрей бергеннің де нәтижесі шамалы. Астары қатты болғандықтан үстеріне қиыршық тас төксе, жүру жеңілдер еді. Бұлай етпеген жағдайда салынып жатқан жолдардың біткен бөлігін пайдалануға берген дұрыс. Сонда соқпа жол мен көлік бұзылуынан құтыламыз. Осыны жергілікті билік басындағы азаматтар ескерсе екен.
Нұрлан Әбенов