Нұржау ауылында кейінгі жылдары әдемі тұрғын үйлер, жаңа әлеуметтік нысанда көптеп бой көтеріп келеді. Қатқыл табанды ауылішілік және кірме жолдар, тротуарлар төселіп ауыл біршама ажарланып қалды. Сонымен бірге, өткен әзірде еңселі спорт кешені мен балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп, ауылдың үлкен-кішісі жиналатын тамаша орынға айналды.
Бұл баршасына қуаныш сыйлаған игілікті істердің легін Нұржау орта мектебін 2004 жылы бітірген жастар жалғады. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай олар туған ауылдарына сый ретінде сәнді сахна салып берді. Ауылдық мәдениет үйінің жанындағы ашық алаңға жартылай киіз үй пішініндегі жазғы әсем сахна концерт, басқа да шаралар өткізуге жақсы болды. Мерекелік көңіл күй сыйлаған ашылу салтанатына ауыл тұрғындары мен жастар, мектеп оқушылары көптеп жиналды. Тұсаукесерінде мектептің дарынды түлегі, республикаға танымал балалар жазушысы Серікбол Хасан ауылдың көркеюіне, абаттануына үлес қосу мақсатында құрдас-құрбылары бірауыздан осындай шешімге келгенін айтып, барлық құрылыс жұмыстарын өз қолдарымен жүргізгендігін назарға берді. Ұлағатты ұстаз Жібек Қисымова мен мәдениет саласының ардагері Жаңбырбай Нәрешов тамаша тарту жасаған түлектерге алғыстарын айта отырып, жаңа нысанның алдына керілген лентаны қиды. Ауылға көрік берген сәнді сахнаның құрылысы түлетер жинаған 2 миллион теңге жұмсалды.
Айбек МЕЙІРМАН