Смағұл Көшекбаевтың туғанына - 120 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «КСРО Композиторлар одағының мүшесі», педагог-музыкант, жауынгер-композитор Смағұл Көшекбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай «Ұлт өнерін ұлықтаған» атты еске алу шарасы өтті.

Алдымен Д.Ғұмаров атындағы халық театры Смағұл Көшекбаев өмірінен қойылым сахналады. Шараға арнайы келген қадірлі қонақтар көрерменге таныстырылды. Мәдениет үйінің қызметкері Елдос Құлшаров жауынгер-композитордың рухына арнау оқыды.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы сөз сөйлеп, аудан әкімінің атынан естелік сыйлықты Смағұл Көшекбаевтың ұрпағы Арыстан Мақсұтұлына табыстады. Жазушы, өлкетанушы, жауынгер-композитордың туғанына 120 жыл толуына орай арнайы жазылған «Смағұл Көшекбаев» кітабы авторларының бірі, Асылбек Ситалиев сахна төріне көтеріліп, қарапайым ауылдық мұғалімнен көрнекті мемлекет қайраткеріне дейін көтерілген, еліміздің мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан біртуар тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолы жөнінде жан-жақты айтып өтті.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Жұмақай Ғұмаров, ардагер журналист Таңатар Дәрелұлы майдан шығармаларын жазған дарынды композитордың өшпес мұрасын тілге тиек етіп, туған жердің аяулы перзентінің есімін кейінгі буынға насихаттау, ұлығылаудың маңыздылығын жеткізді.

Жаңа кітапқа шолу жасау үшін сөз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметоллақызына берілді.

Тұсаукесер рәсімін жасау үшін сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, күйші-композитор Талапқали Зайнуллин, ұрпақтары атынан Дәулет Көшекбаев шақырылды.

Шарада мәдениет үйінің өнерпаздары сазгердің бірқатар шығармаларын орындады.

Соңында С.Көшекбаевтың ұрпақтары атынан Ғайша Құсайынова, Болат Көшекбаев, Айжан Жүнісова сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға риясыз алғыстарын білдірді.

Айнагүл Күнұзаққызы         

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT