Сұлу жүрек сұңғыла

(0 Votes)

Бейопа тірлік кімді қалай шыңдап пісіреді, өз пайымым: адам мінезі, мінезі емес-ау болмысы соған байланысты қалыптасатын сыңайлы. Біреу буырқанған өмір-теңіздің үстінен кері қайтқысы жоқ, дәурені өтіп, қатарластарынан қалбалақтап қалғаны санаулы болса да кемесін өрге жүздіруге алабөтен жігер, қайрат табады.

Елдің сөзін сөйлейді, бүгінгіні бітістіреді, көнені тыңдастырады, көріксізге әр береді, көкейіндегісін айтпай көңілі көншімейді. Демек, бұлар бар бітім болмысын сол жолға арнап, халық үшін санасының сөлін сығып беретін елжандылар. Еңіреп жүрген елжандылар көп емес бұ қазақта, бірақ, сирек те болса барына шүкір!

Ал, екінші біреулер баяғы сол жетпестігін түгендеу үшін қара көбейтеді, айтары дәмсіз болса да айғайы мықты. Көлеңкедей ілесіп, көбелектей ұшып-қонып көзге көріксіздігін көп көрсетеді. Еңбегім мұнда да сіңді деп қай ортадан да олжалы болуға дәмелі, өзін бағалатуға құштар. Қайтсін, қадірін қашырған қарияға жұрт не десін, іші біледі, ішкі пікірін ішіне сақтайды. Адам әртүрлі. Адам жер дүнияға жететін қытайдың бірінен бірі аумайтын сапасыз тауары емес, анадан бір туған егіздер де «аумайды» дей бер, ерекшеленеді, ерекшеленгенде қандай!

Кешегі-бүгінгі екі жүйенің де отын жағысып, ойсырағанын толтырысқан, еңкейгенін түзескен, еңсесі түскенді тіктескен, еңірегенін жұбатысқан, өзін ойламады демесек те жығылған мен сүрінгенге бүйрегі көп бұрылған, адасқандарды жолға салған, сөйтіп, елдің ортақ мүддесіне өзіндік олжа салған бірегейлер біздің айналамызда да некен-саяқ жүрген екен.

Олардың тістің суындай ішнарасы үйірден бөлінген саяқтай көзге көп көріне бермейді. Артынан бұзып жарып арындай ілескен алақұйын үйірге жол бергені ме екен? Жол бере тұра кәрі сүйек, кем жанар атбегідей құлия шабысқа салған жас тұлпарлардың бабын бағамдап бағын екшегені ме? Шуы мол, дуы бәсеңсімес адуын өмір-теңізде желкенін желбіретпей неге елеусіздеу айлақтан жан тыныштығын тапты? Тұманды ой да бір түбі жеткізбес шыңырау, суы түгесілмес дария, қу жаны жалғыздықтың мимырт тылсым тыныштығын осыдан тапты сірә!

Естуімше, кезінде жапалақтай жалпылдап жармасқандар да, күні түскенде мүләйімсіп алдына мәймөңкелегендер де бүгін оның күні мен түні алмасқан киелі құтқанасының құтты қонағы болып жарытпайды. Ат ізін құрғатпайтындардың аяқ басуы сиреген. Суың сарқырап ағып, толқындарың тепсіне долданып тұрғанда қай алтын бастың қадірі түскен?! Біздің қазақтың даналары «артында бар-оңаларды» дәл безбендеп, әбден шегіп айтқан. Екі бірдей бауыры артымнан қуып жетті. Біздің ағамыздың да еңбегі бар ғой, 65 жасы да айғайсыз өтіп барады. Тал бесігіне енді мінежақ сәбиге де жер дүниені дабылдатып той жасап жатыр, оның қасында... Бірге жүргеннің бірі өзіңіз, ағамыздың еңбегін қалам ұшына іліктіріп, аудан жұртының есіне салып, тарих көшіне ілесуге сеп болсаңыз жақсы болар еді-ау!

Комсомолдың қызыл көйлегін бірге киіп, жалындап жүрген күндердің қызуы алдымен жүрегімнің жыртығын, қала берді бойымның тыртығын бүтіндеп ақ кеткені. Көзі жәудіреп қарай қалған екі інім бауыр деген қандай жақсы деген терең иірімге батырды. Содан осы бір эссе еңбегім басталды да кетті. Ой қай-қайда жетелейді. Тақ-тұқ өмірдерек қайда қашады, оны кім жазбайды, білгенімше кісілік келбетіңді сызып көрейін. Сол комсомол таныстырған көп достардың бірі осы Мұрат Бисенғалиев, аудан жастар ұйымы жетекшілерінің белсендісі. Киров атындағы кеңшар комсомол ұйымының хатшысы ақжарқын, өнерлі Өміржан Жұбаниязов екеуі бір үйдің егіз баласындай қосақтала жүреді. Адамды мінез үйлестіреді, болмыс бауырластырады.

Мұрат Бисенғалиев бәкене бойлы, адамға жұғымды, кірпияз, ішкі сұлулығын сыртына шығарғандай киімі де өзіне жарасымды, ақсары өңінен қызыл нұр лып-лып көрінер әзілқой, көпшіл еді. Бізде де қай бір тоқтам бар, тез тіл табысып, шек-қарынымыз араласып ақ кеттік. Сол күндерден айтарын-айтып тастайтын турашыл, екпінді, қай топта да көсемдігі оқ бойы озық көрінетін. Болашақ идеология майданының ауданымыздағы ту ұстары осы қалыпта жарқырап жүрді. Ол сол комсомол саласындағы қызметімізде жүргенде ақ, жастармен өтетін алқалы басқосулар, пленум, конференция, былайғы жиналыстарда қолды қусырып, бас изегіштеп қарап отырмайтын. Ішкі дүниесіндегі туа бітті зеректігі қай мәселенің де алдын ала пішіліп, кесіліп қойылған тұстарындағы сәл де болса олқылықтарды тез байқап, дереу орнынан көтеріліп оның солай екендігіне басшы атаулының көзін жеткізетін.

Мұраттың бойына ерте біткен қасиет ол – әлдеқандай ағаттықтарды байқап, соны ғана қаперге берумен шектеліп қалмау, яғни оның қалай дұрыс болуының жолына орай өз ұсыныс-пікірін білдіру. Идеолог М.Бисенғалиев осынысымен жастай дараланды, осынысымен ауданның мықты бір саясаткерінің бәйгеге ерте қосылғанын биліктегі сыншы көздерге әбден дәлелдеп үлгерді. Ол уақытта орысша судырап ағып тұрмасаң қазақша қаншалықты ауызыңмен құс тістесеңде тасыңның өрге домалап кетуі екіталай. Мұрекең орыс тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан да орекеңдердің өзін жаңылдыратындай осы тілге шешен еді. Ол жылдары аупарткомның қармағына ылғи да орыс тілінің жүйріктері ілінетін. Жасыратыны жоқ, өзіңмен жасы шамалас, бірақ кем таланттар, ол кезде сөйлейтін сөздерін, немесе басқа қағаздарын бұйыра міндетсіп, орысшаға, не орысшадан қазақшаға аударуды пәрмендеп отыратын саған.

М.Бисенғалиевке қаратып айтылған сөз емес бұл. Оның да орысшасы басым, қазақшасы сәл кейіндеу болатұғын. Өзінің осынысын кемшілікке санады ма қазақша газет-жорналдарды, қалың романдарды қолтықтай жүре ана тілінде аз уақытта жорғадай тайпалды, жүйріктей жосыла қуып жетті.

Алмас кездік қын түбінде жатпайтынын көз көрді. Сол жылдарғы ондаған қабілетті жастардың ішінен көп жұлдыздардың арасындағы шолпан жұлдыздай дара жарқырады. Аудандық партия комитетінің нұсқаушылығы тұғырына ерте қонды. Аупарткомде біз білетін Қажбаба Айтасов, Құттығали Нәбиев, Айболат Әмірғалиев, Жамбыл Есбосынов, Нұрлан Құрманғалиев т.б. ағалармен иықтаса жүріп, қызмет барысында мәймөңкеге бармай өз пікірімен алмас кездіктей қиып түсетін. Түрлі жиналыстарда қызына сөйлегеніне кейбір қабақтар жиырылғанымен дәлелді ойдың астарындағы алғаусыз ақиқат кімді де сабасына түсіргендей еді. Бәрі де көз көріп куә болған жайлар ғой, өмірде жоқ асыл ағаларамыздың рухтары шат болғай! Талап пен талғам, білім мен білік, түрлі мінездегі адамдардың талқысы, қым-қуыт пікірлер, өмір тартысы, басы идеяларға толы Мұрат Құмарғалиұлын жас қырандай қияларға ұшырды. Ақ бас шыңдардың ұшар басына талпынған бала қырандай бабын келістірді. Шынымен де оның басында тың ой пікір, түрлі ұсыныстар, соны идеялар құнарлы топыраққа себілген сапалы дәндей тез қауыз жаратын. Білмейтін пәлесі жоқ, дәрігерлік, мәдениет, білім салаларының жетістігін жіпке тізсе, кемшіліктерін де күл-бүлтесіз бетке айтып, «оны былай етіп түзейсіздер» дейтұғын. Ұзақ жылдар үзеңгіні бірге тебіскен мезгілде оның сындарына өрттей лапылдап қарсы шыққан басшыны не қосшыны көрген емеспін. Өйткені, оның дәлелдеулеріне қарсы келу мүмкін болмай қалатын.

Аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болған жылдар ішінде біздің «Серпердің» де сезікті тұстары, солғын айтқан сәттері М.Құмарғалиевтың жанарынан кідіріссіз өткен емес. Қаншалықты арамыздан суық жел өтпеген дос бола жүре, кемшілігіңді әкімдік, т.б. жиналыстарда қадап-қадап айтатын. Қалам қуаты кеміңкіреп кеткен журналистеріңе де сын жебесін зулатып қоятын. Мұрат Бисенғалиев қызметтес әріптестерінің бәрімен болмағанымен көбімен дос, бірақ іс барысында араны ымыраға келмейтіндей тым алшақ ұстайтын. Шын азаматтық позиция, қатарластарға деген адал пейіл сол екен ғой, деп ойға берілемін бүгінде.

Кезегі келгенде әрқайсымыз өз қызметімізді кейінгі ізбасар іні-қарындастарға тапсырып, қолымызға қалам-қағазымызды алдық та кабинетімізден шығып кеттік. Өзімізбен бірге ештеңе іле кетпей, ар тазалығын ғана сол баяғы қалыпта жүрегімізге еншілей кеттік.

Мұрат Бисенғалиев те солай, аудандық Білім бөлімін ұзақ жылдар басқарғанда, аудан әкімінің орынбасары болған тұстарда оған да жұмыс сұрай келгендер, іс салып көмегіне сүйенгендер емеурін танытпады дейсің бе?! Ілдірмей өтті, қақтырмай кетті сабазың! Ата қаннан дарыған тазалық, ана сүтпен суарылған қасиет қолын харамға малдырмады, жүрегі ар тазалығының әмірін бұлжытпай орындаумен қызметтік дәуренін ізбасарларына аманаттады.

Ал, оның ата-анасы кім? Майдангер көке Құмарғали Бисенғалиұлы «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» орденінің иегері. Екі рет ауыр жараланып, ақыры бір аяғын жат жерге жерлеп, сұрау белгі кейіпте елге 1944 жылы оралған. Атқарған қызметі Алла сақтасын дейтіндей. Басшы да болған, қосшы да болған. Партиялық, кеңестік қызметтерді бірінен соң бірін тізгіндегін. Шылығы мен былығы арылмаған сауда саласына да бір кісідей еңбегі сіңген. Ағаш аяғы сықырлай жүріп, қайда жұмсаса да қолымнан бұл келмейді демей, ақсаңдап басып кете берген. Кезегі келгенде қайдан да аппақ жағасы кірлемей тап-таза қолымен хош айтысқан. Міне, біздің әкелер қандай болған!

Жұбайы Бижамал Жұмашқызы да өмір бойы дүкеншілікті кәсіп еткен, қойма меңгерушісі болған жылдары да бар. Болмысынан биязы, жұмсақ мінезді жайсаң ананы ауыл-аймақ алдын кесіп өтпей қадірлеген, өздеріне үлгі тұтқан. Анамыз үйге де түзге де бірдей екен. Ері жеті мүшесінің бірі кем адам болғандықтан қолына шалғы орақ алып, мая-мая пішен ору оған үйреншікті шаруа көрінеді. Екеуін де ел жадынан шығармай олар туралы аса бір іңкәрлікпен жақсы әңгімелердің тиегін жиі ағытады.

Бауырларынан өрбіген Әлия, Марат, Мұрат, Ерболат, Бекболат, Сағидан, Альберт баршасы да қалаған білімдерін алып, бір-бір отбасының түтіндерін түзу ұшырған өз саласының бірегейлері. Әлгіндей әке-шешенің тәрбиесін көріп, өнегесін бойға сіңіріп, ойға тоқығандар сөйтпегенде қайтеді, сөйтеді әрине.

Бүгін біз үшінші перзент Мұрат қаһында әңгіме орайын келтіріп отырмыз. Қажеттілік туындаса әрқайсының адами болмысын алқалаған әлеуметке алақайлап жеткізуге ынтазар көңілдеміз.

Мұндайда қайдағы мен жайдағы еске түсетіні бар. Мұрат Бисенғалиев өзінің аудан идеологиясын басқарған тұстарында талай тарихи сәттердің мәдени шараларын гүрлетіп өткізді. Соның бірі: Шөп басына қырау тұрып, шық тамған қоңыр күздің әбден билік алған шағы. Жерлесіміз көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтың 60 жылдығын туған жерінде атап өту мемлекеттік комиссияның ұйғарымы. Ол кездегі ҚР Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалинмен көбі жазушы ылғи ығай мен сығайларды бастап келіп орталықтағы салтанат өз алдына, ақын туған Ашаққа, одан әрі Қошалаққа баратын болып келісілді.

Мәселе баяндамаға келіп тірелді. Оны жасайтын аудан әкімінің орынбасары Мұрат Құмарғалиұлы. Күні-түні отырып, оның жазғанын марқұм Рахмет Иманғалиұлы ағамыз үлкен пафоста қайта түзетіп шыққан. Әлі есімде арасында «Ойхой, дархан дала, қасиетті Қошалақ!» болып келетін желдірме тұстары бар. Мұрекең мені шақырып алып: «Мен артист емеспін ғой, ресми стильге түсіріп берші, бірер сағат уақытың кетер көп болса» деді. Өзімше журналистикадағы «конторский немесе ресми стиль» деген баяндау түріне келтіріп бердім. Танысып шығып көңілі оған да аса тола қоймағанын байқатты. Ертеңіне салтанатты жиналыста Жұмекен ағамыздың өмірі мен шығармашылығы Мұрат Құмарғалиұлының ашық жарқын дауысымен саңқылдап, жан-жүйелерді босатты. Жары, бұ күнде марқұм Нәсіп апамыздан бастап бірқатар тума-туыстары көз жасқа ерік берді. Жазушылар қауымы сілтідей тынып, аңтарыла қарасты. Марқұм белгілі қазақ сыншысы –Зейнолла ағамыз маған жайлап:

- Мына орынбасардың мамандығы журналист пе? – деді. - Жоқ, орыс тілінің маманы. - Қой, - деді белгілі сыншы ағам. Сосын барып есін жинағандай: Бірақ, талант тасты да жарады ғой, деді өзімен-өзі болып. Міне, белгілі саясаткер Мұрат Құмарғалиұлының бір қыры бұл. Рахмет ағамның, менің де қалам қуатым кәдеге аспай өзінше кеткен түрі. Жұмекен ағамның барлық шарасы келушілердің жағасын ұстатты. Разы болып аттанды Жұмекеннің еліне келгендер. Барлық шараның тізгіні Мұраттың уысынан шықпады сол жолы. Мұндай мысалдарды сол жылдардың өрнегінен көптеп айтқың келгенімен газет ауқымы еріксіз тұсайды. Қысқасы, Мұрат Бисенғалиевтың күнмен шағылыса жарқ-жұрқ еткен қырлары, әр нәрсенің байыбына орай пайым-түсінігі шектеусіз мол еді. Бүгінде кебісін тырп-тырп басқан баяғы шешелер айтатынындай «Бәлду-бәлду бәрі өтірік».

Жақсы әйел ерінің басын өрге сүйрейді, жаман әйел, әрине тірілей көрге... Бабалар даналығы. Саясат деген құйтырқыға арбалмаған Мұрат жар таңдау мәселесінде де жолы болғанның бірі емес, бірегейі. Мүмкін оған құдайы қарасқан. Қалиева Ақшай Мұратқызы 1958 жылдың 25 наурызында Нұржау ауылдық Кеңесі жерінде жарық дүние есігін ашқан. Панфилов сегізжылдық мектебінде (1965-1973 жылдары), ары қарай Ленин атындағы (Нұржау) орта мектебінде (1973-1975 жылдары) оқыған. 1975-1978 жылдары Теңіз мал бордақылау бірлестігінде малшы-оператор болып қарапайым жұмысшы ретінде еңбек еткен. 1978-1982 жылдары Гурьев педагогикалық институтының (ПиМНО) бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын бөлімін бітірген.

Ұстаздық жолы 1982 жылдан Панфилов атындағы мектепте басталып, ары қарай Алтынсарин, Сүйіндік, Абай, З.Серікқалиев, Б.Бегалиев болып 2018 жылға дейін үзіліссіз өріс алған. Зейнеткерлер қатарын 2016 жылы толтырған. Аудандағы көз қадар, шәкірттері іздеп жүрер қазақ тілі мен әдебиетінің санаулы мұғалімдерінің бірі осы "Ақшай апай!» Келген жерін керімсал самалмен желпіген құтты аяқ келін. Атасынан бойына бата сіңірген, енесінен, ақжайма ілтипат сезінген, ағайынның арасына сөз тасымаған, көңіл шуағымен көріктендерген ғажайып келін. Ой көп, орын аз, ана атандырып ақ сүтін емгендер: Дария-Абай мектебінің түлегі. Қаз МУ-дің механика және математика бөлімін бітірген. Жоғары банктерде, қаржы министрлігінде өзін білікті, үздік маман ретінде дәлелдеген. Бұл күндері оны «Live Nation» американдық компания аттай қалап алған, «дата-аналитик» деген орынтақтың білгірі. Күйеу бала Марат – экономикалық тергеу қызметінің майоры, басқарма бастығы.

Шыңғыс ұл Атырау Мұнай-Газ институтын оқып түгескен. Қарабатан кен орнының маманы. Нұргүл келін З.Серікқалиев мектеп-жатақханасының лаборанты. Ұл-келін ата-ана қолында. Есік ашсаң күміс күлкілі немерелер жұпар иісін шашады. Олар: Данат, Данияр, Әлия.

Заңгер – маман Мерей Астана қаласының тұрғыны. Президенттік қызмет аясындағы қаржылық мониторинг агенттігінің маманы. Сымбат келін үлкен банк қызметкері. Заңғар немеренің жалғасы да болып қалар. Мұрат – Ақшай ұрпақ деген түпкі нәтижеден осындай бақ тапқан. «Тектіден – текті туар, тектілік тұқым қуар» деп Ақшай ана, әже, асыл жар, үлкен әулеттің бірегей келіні туралы аз сөзімді осы жерден осылай тұйықтадық.

*            *          *

Жақсылардың балағына ілінген ошаған әйгіме болмай қала ма, одан бәріміз де құр жаяу емеспіз. Меніңше, осының өзі біздің мына ала-құла тірліктен тапқан орынымыз. «Е, қойшы соны" деп елеусіз қалдыратынның бірі емеспіз Аллаға шүкір! Шындықты жасырмай, жоқтан бар жасаймын деп жалғандыққа ұрынбай, аярлық, мәймөңкелік танытпай, өз болмысыңды әйгілеп жеткен мына құнды биігің құтты болсын, жастық бұла дәуреннің көзіме оттай басылар ыстық белгісі асыл Мұрат! Өткен күндердің жақсы парақтарынан естелік ем, ерте кеткендерге жүрек жасыт, жанар бұлдырат, Ақшайыңды енді сен еркелет, ұрпақтарыңа күндіз-күні абырой мен амандық тілеп отырар әкелік, аталық жолыңның ұзағынан сүйіндіруін Алламыздан алақан жая ала таңнан тіледім!

Жақсыларға базына

Ол жайлы тығындаулы құлақ неге?

Жігіттің жампозы еді, бір ақ желең.

Көрігін саясаттың басқан ұзақ,

Қайда ол, Бисенғалиев Мұрат деген.

Жақсы іні, көп еді ғой мұңдас аға,

Жатқанын қарасаңшы кім тасада.

Жем түссе арыстанның аяғына,

Ойнайма құлағында құрбақалар.

Кеше еді қойғанымыз қосып аққа,

Жылғалар бір өзенге қосыла аққан.

Мұраттар болғанымен бұ қазақта,

Ол жалғыз біздің асыл топырақта.

Өзгені демесемде қалдық кілең,

Кей-кейде ұмытылып қалдық білем.

Ішінара дауылдатып алған жақсы,

Түк шықпас можантопай тәртіптіден.

Жақсылар неге кетті жанай өтіп,

Ашылған неге жабық талай есік.

Ымырт түскен халді кешкендерді,

Жіберді таңның қызыл арайы етіп.

Жүздерге тура қарар батыл үнді,

Білмейтін көңіл едің жасырынды.

Талайға шаң қаптырып кететұғын,

Тұлпарға ерте қыстың тақымыңды.

Ағайын, неге сенен, жырақ менен,

Көкейді тыншытпайды сұрақ деген.

Жігіттер, жібі түзу іздесеңші,

Қайда жүр біздің осы Мұрат деген.

Үйірге ерте қостың бақ-тайыңды,

Күтпеген жерден тауып жас қайыңды.

Құдай-ау, алпыс беске келгенің бе,

Әлдилеп айдай ару Ақшайыңды.

Ел айтар ұлың-ұя, қызың-өріс,

Қуандым қалған болсаң бүгін толып.

Көңілің Алатауға шыққандай-ау,

Немере-жиендердің жүзін көріп.

Не демес сыртымыздан дауасыз қырт,

Менен де кеткендер көп айналып сырт.

Біздің жол қыр басына бұрылды анық,

Аман-сау еркін елдің ауасын жұт!

Таңатар Дәрелұлы,

жазушы-журналист, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT