Әскери есепке тіркелуге салғырт қарамаңыз!

(0 Votes)

Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу – бұл әскерге шақыру жасына дейінгілерді әскери есепке қою үшін жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, тиісті жергілікті атқарушы органдар жүргізетін әскери есепке алу іс-шаралары.

Тіркелу 2021 жылы он жеті жасқа толатын (мейлі ол 2021 жылдың 31 желтоқсанында толсын) барлық Қазақстан Республикасының ер азаматтарын әскерге шақыру учаскелерінде жүзеге асады. Бұл еліміздің 2012 жылы 16 ақпанда шыққан №561-IV Заңының 16 бабында да айқындалған.

Бірақ соған қарамастан кейбір ата-аналар осы іске жіті мән бермей келеді, орынсыз уәждерін де жаудырады. Билік басындағы жергілікті атқарушы органдар әскери есептің қай түрін болмасын, бақылауда ұстау керек. Аталмыш заңның бабы осы мәселені бірлесіп атқаруды сұрайды. Ол жөнінде әрқайсысының функционалдық міндеттерін анықтайтын Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 қаңтардағы №28 бұйрығына да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Салыстырмалы түрде қарасақ, биылғы тіркеу жасындағы 2004 жылғы азаматтармен бірге 2002-2003 жылғы азаматтар да келіп жатыр. Тіпті 1999-2001 жж. туған азаматтардың келіп қалуы неғайбыл. Мысалға Құрманғазы, Асан, Мақаш округтерінен  алдыңғы жылдары әскери есепке тіркелмей қалған азаматтар келуде. Бұл жағдай оның алдыңғы жылдары да қайталанған болатын. Көбіне Қиғаш бойының азаматтары Астрахань қаласына оқуға кетіп, шақыртылмай қалса, Азғыр бойының азаматтары әрі қарай Орал қаласына оқуға шығып кетуіне байланысты тіркелмей қалады. Не ол жақта да әскери есепке алынбайды, не өз жағына да әскери есепке отырмайды. Бұл жердегі қателік әскери есепке жауапты округтің мамандары тарапынан ба? әлде оған құлақ аспайтын азаматтарымыздың өздері кінәлі ме? Әйтеуір түсініп болмайсың. Осыдан келіп, бір-бірімізге реніш туады. Бұл жерде ағайыншылық жүрмейді. Тәртіп біреу, заң қатал, бұйрық орындалу керек. Орындалмай ма, тиісті шарасы алынады. Егер тіркеу жасында өздігінен келе алмаған азаматтар болса, құжат түрінде расталуы керек. Мерзімінде әскерге шақыру учаскесіне келмеуінің дәлелді себептері мыналар: жазасын өтеп жатқандар, еңбекке қабілетін жоғалтуға байланысты сырқаттануы (жарақаттануы), жақын туысының (заңды өкілінің) қайтыс болуы немесе ауыр сырқаттануы, азаматты өзі келу мүмкіндігінен айырған табиғи сипаттағы кедергілер болып табылады. Міне осы жағдайларға ғана мән беріледі. Ал басқа уақытта бұған жол жоқ. Күні бүгінгі есеп бойынша еліміздегі енгізілген шектеулерге байланысты барлық студенттердің онлайн сабақ оқуларына байланысты барлығы түгелдей өтеді деген сенімдеміз. Азаматтар өздігінен шақыру учаскесіне тіркелуге келмеген жағдайда соңғы шешіміміз, ауылға келіп бой тасалап, уақытында тіркелуге келмей жүрген азаматтарды аудандық полиция бөлімі арқылы іздестірудің барлық шарасын алатын боламыз. Оған көнбей жүргендері болса тиісті материалдары жинақталып сотқа жолданатын болады.

Құрметті ауылдық округтің әкімдері, Заңды тұлғалардың бірінші басшылары, ата-аналар, округтің аумағында азаматтық есепте тіркелген, тұрып жатырған 2004 жылы туған азаматтардың (ұлдарыңыздың) әскери есепке тіркелулерін басты назарда ұстауларыңызды сұраймын. Әр жылдың қаңтар-ақпан айлары әскерге шақыру учаскесіне тіркеу кезеңі екенін ұмытпасаңыздар екен деймін, ал мерзімді әскерге шақыру кезеңі бұдан кейінгі айда Елбасының жарлығы шыққаннан кейін жүргізілетін іс-шаралар кешені екенін атап өткім келеді.

                

Е. Мухамбеталиев,

 аудандық ҚІЖБ-нің

бастығы, майор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521