Баспасөз күніне орай
Бүкпесіз сырды жаяр шертіп барлық,
Тілеумен бұзылмауын елдік қалып.
Асығып бара жатар әлдеқайда,
Бір жақсы жаңалықты естіп қалып.
Көңілі кетер оның айдан да асып,
Кезі жоқ уәдеден тайған басы.
Үлгі етер не бар екен туған елге,
Бастама, жаңалықты жайғанша асық.
Ол рас жаяу – жалпы баратыны,
Күндіздей көрінумен дала түні.
Елге ортақ кемшілікке кешірім жоқ,
Ол рас іреп – сойып алатыны.
Қорқып – үркіп демейді «құрсын бұлар,»
Жан емес пайда тауып мұртын сылар.
Құдайдың көзі түскен сәті сірә,
Әйтеуір еншісінде бір күні бар.
Тартынба күтіп алса төрлер неше,
Пейілдер бізге деген өзгермесе.
Бауырлар, әріптестер – сағынышым,
Бәріңе құтты болсын, төл мереке!
Жер – Ана сыйынғаның, тіреуің көк,
Дамыл жоқ Тәуелсіздік тілеуің боп.
Үлкенің, кішің дағы жанұшырып,
Қашанда іссіз жүрген біреуің жоқ.
Өзіңдей айта алады бетпе-бет кім,
Айта алып, кінәмшілді өкпелеттің.
Кешегі тасқында да елді ұйытып,
Бір жеңіңді киместен көпке жеттің.
Бұлдаусыз еңбегің де білінбеген,
Бастысы, ел-жұрт сенен түңілмеген.
Қаламдас қарияның тілегі бұл:
Жылда бір еленетін күніңменен!
Елменен мүдделес те қол артқаның,
Арыңдай тап-таза айқын жол арттағы.
Сор кешіп бақыт табу – пешенеміз,
Мықты бол мұқалмайтын болаттарым!
Күйесің, кейде орынсыз күйеледі,
Жүргендер бәрін жинап, иеленіп.
Дұрысы ел тарихы – газеттері,
О бастан бұқараның сүйенері.
Бірге еді, өздеріңмен таймас бағым,
Тыншымай жүрдік білмей жай – жапсарын.
Жеңіл тимес жеңістің иелері,
Намысты бірге сендер қайрасқаным.
Бір жайқал жазғы жасыл желектерде,
Бір ақ күн еңбегіңді ел ескерген.
Әріптес үлкен-кіші бауырларым-
Шындықтың шыңдарымен теңескендер!
Таңатар Дәрелұлы, «Серпер» газетінің ұзақ жылғы бас редакторы,
ҚР-ның Құрметті журналисі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы