Шығады деген пойыз қайда?

(5 Votes)

Өткен әзірде өңір тұрғындарының көптен айтып жүрген өтініші бойынша Атыраудан Құрманғазы ауданының Дина Нұрпейісова бекеті аралығына дейін әрлі-берлі жүріп тұратын пойыз шығады, бұл облыстық Мәслихат сессиясында бекіді деп билет құнын да көрсеткен жағымды жаңалықты аудандық «Серпер» газетінен оқып, жағалай бір-бірімізден сүйінші сұрағандай қуанышты хал кештік.

Арада ағып айлар өтіп барады. Қуанышымыз су сепкендей басылды. Сірә, орындалмайтын көп уәденің бірі сыңайлы. Бұл хабарды өзім білетін жандарға жарнамалағанның бірі едім, бәрі менен: «ау, әлгі пойызың қайда?» дегенде жерге кірер тесік таба алмаймын. «Қашпаған сиырдың уызына шақырғаның не, қарап жүрмей» деп бәйбішем Зайда да құлақ етімді жеп болды. Ұзақ жылдар қызметтес болған Жасталап Түсәлиев ақсақал «давай, жоғарыға жазайық, қол жинайық, халықты алдаған қалай болады екен» деп ол да тыныштық берер емес. Айтса айтқандай «Атырау-Құрманғазы» аралығындағы жолда екі күннің бірінде көліктер соқтығысып, жазықсыз жандарды жалмап барады. Бұл жол - шынымен де тірінің тозағы. Жергілікті биліктің пәрмені, құнттауы қайда? «Біз депутаттар корпусымыз» дейтін қалаулылар неге араласпайды? Сірә, жұмыстары бастан асып жатқан шығар. «Nur Otan», қоғамдық кеңес, шүкір бар емес пе, оңтайлы шешілуіне неге асықпайды екен, түсініксіз?!

Бүкіл елдегі бірегей міндеттерге білек сыбана кірісетін Атырауымызға таяқ тастам жерге пойыз шығарудың қиын болғаны ғой шамасы. Бұл мәселені бізге неге соқтырып отыр деп жоғарыда есімдері аталған халық сенерлері шытынап, шамданбас деп ойлаймын. Өйткені, осы жолдың бойында ойықтан қашып омақасқан, бірі-бірінің пәршесін шығарған автокөліктерде адам қанын судай ағып, жазықсыз жандары қиылуда.

 

Зәйнеден Жәлелов,

сауда саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521