Шуаққа бөлеген жарқын жүздесу

(0 Votes)

Дүниеде тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағы - әйел-анаға қандай құрмет көрсетілсе де, артық етпейді. Көктем табиғатымен үйлескен әсемдік пен жылылыққа толы мереке 8 наурыз - әйелдердің халықаралық күні қарсаңында Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ардагер ұстаздармен қатар білім саласында еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлерді қабылдады.

Оған сондай-ақ, аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Сапарова, үлгілі көп балалы аналар қатысты. Алдымен мектеп фойесінде қолөнер шеберлерінің көрмесі, оқушылардың шығармашылық бағыттағы жұмыстары тамашаланды. -

Әйел заты – сарқылмайтын күш, тіршілігіміздің қайнар бұлағы. Ана – жан-жағына мейірім шапағатын сыйлайтын барлық адамның қуанышы, әрбір отбасының берекесі, мемлекетіміздің мерейі. Қымбатты ұстаз-аналар бүгінде сіздер білім нәрімен сусындатқан әрбір шәкірт қоғамның, елдің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Білім саласындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Сіздердің байыпты көзқарастарыңыз болашаққа сеніммен қарауға үйретсе, мейірімділікке толы жүректеріңіз әрбір шәкіртті нұрландырады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, - деп құттықтау лебізін жеткізген Бибоз Байдәулетұлы қоғамдық жұмыстарға үнемі белсенділікпен араласып, ауылдың тазалығына жанашырлық танытатын, ұзақ жылдар бойы педагогика саласында абыройлы еңбек еткен Мүлкәт Шафхатоваға айрықша ризашылығын айтты. Дөңгелек үстел басына жиналған әйел-аналарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен гүл шоқтары ұсынылды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева жоғары көрсеткіштерімен алдыңғы қатардан көрінген нәзік жандылардың әрқайсысының жетістіктерін саралап, жарқын мысалдар келтірді.

Бейресми кездесу барысында ардагер ұстаз Мүлкәт Шафхатова, аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Ұлмекен Сапарова, Абай, Лабай атындағы орта мектептің директолары Нәйля Хасанова, Күнсұлу Акмалиева, білікті де тәжірибелі ұстаздар Мәрия Қиюазова, Гүлсім Тоғаева сөз сөйлеп, өздеріне көрсетілген құрметке зор алғыс сезімін білдірді.

Аудандық білім бөлімі мен Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектеп ұжымдарының дайындаған концерттік бағдарламасы қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT