Шортанбайда «Дарынды балалар» өнер мектебі ашылды

(1 Vote)

Атырау облыстық «Дарынды балалар» өнер орталығының директоры Малика Хосжанованың ұйымдастыруымен Шортанбай ауылдық округінің мәдениет үйі жанынан «Дарынды балалар» өнер мектебі ашылды.

 Мектептің ауданымыздағы басшысы ұлағатты ұстаз Самал Өтепова.

Мұнда 4 жанр бойынша, яғни, домбыра, көркемсөз, бейнелеу және ұлттық би үйірмелері бар. Домбыраға алты, бейнелеуге, биге төрт жастан жоғары, көркемсөзге 8 жастан асқан балалар қабылданады. Аталған үйірмелерден домбыра, би аптасына 3 рет, бейнелеу мен көркемсөз 2 рет жұмыс жасайды. Балалар үшін жыл бойы есігі ашық. Каникул кезінде жұмысы күшейе түседі. Жұмыс бағыты министрлік арқылы бекітілген. Мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ауылдық жерлердегі балалардың жан-жақты дамуына көңіл бөлу, олардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету. Бастысы аталған үйірмелерге балалар 18 жасқа дейін тегін қатысады. Ақшасы мемлекет тарапынан төленеді. Бұл Президентіміз жариялаған «Балалар жылы» аясында өнерге бейім балақайлар үшін туғызылған тамаша мүмкіндік. Айта кетейік, өнер мектебі аталмыш округке жақын орналасқан Түйеші ауыл, Жыланды, Жасталап, Рембаза елді мекендерінен 150-ге жуық баланы қамтып отыр. Оларға білім беретін ұстаздар аудан орталығынан алдырылған.

Ашылу салтанатында ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагері Рауила Дошақова сөйлеп: – Адам өмірінде білім алу, оқу деген – инемен құдық қазғанмен бірдей нәрсе. Өнер, соның ішінде күй, би, сурет – баланың рухани жағынан дамуының бірден-бір жолы. Сондықтан, осындай өнер мектебін ұйымдастырып жатқан басшыларға үлкен ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта осы істің дамуына, дарынды балаларымыздың көбейе түсуіне мен тілектеспін, – деп, өнер мектебінің домбыра, сурет үйірмесі бөлмесінің алдына керілген лентаны қиды.

Ақ тілектер легін округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілекбай Қайсағалиұлы, Шортанбай орта мектебінің директоры Светлана Зинуллина, мәдениет үйінің директоры Бақытжан Середенов, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері Самал Өтепова, Атырау облыстық «Дарынды балалар» өнер орталығының өкілі жалғады. Шараның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін «Дарынды балалар» өнер мектебінің оқушылары концерттік бағдарламасын көрермен назарына ұсынды. Осылайша, округ тұрғындарының көптен айтып жүрген бір арманы орындалды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT