Шортанбай ауылында үлкен қуаныш орын алды – ауыл кіреберісіне сәнді арка орнатылып, балаларға арналған ойын алаңы ел игілігіне пайдалануға берілді.
Бұл игі іс “Шекара маңындағы елді мекендерді дамыту” мемлекеттік бағдарламасы аясында, демеушілердің қолдауымен жүзеге асты.

Жоба ауылдың көркеюіне, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Арка ауылдың символына айналып, сырттан келген қонақтарды жылы қарсы алатын жаңа нышан болса, ойын алаңы — балалардың қуанышы мен денсаулығына арналған маңызды нысан.
Салтанатты ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар және арнайы келген “ҚазМұнайГаз”СБК” ЖШС-нің басшысы Д.Ә.Шәріпбаев және аудан әкімінің орынбасары М.І.Хасанов қатысты. Шара барысында демеуші ұйым өкілдеріне аудан әкімінің орынбасары М.Хасанов ауыл жұртшылығы атынан зор алғыс айтып, олардың туған жерге деген жанашырлық ниеті ерекше аталды.
“Ауылдың көркеюі – елдің өркендеуі. Осындай қолдау көрсетіп жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз,” — деді ауыл ақсақалы С.Зұлхарнаев.
Бұл жобалар тек құрылыс емес, ауыл тұрғындарының бірлігі мен болашаққа деген сенімін нығайтатын маңызды қадам. Шортанбайлықтар алдағы уақытта да осындай жарқын істер жалғасын табатынына сенімді.

