Шортанбайға аудан орталығынан автобус қатынайды

(0 Votes)

Шортанбай ауылдық округінің әкімі Мейіржан Ғұмаров есепті хабарламасында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрғын міндеттерді саралады. Мұнда жұмыссыздық деңгейі 3,2 пайызды құрайды. Дәрігерлік амбулаторияда 1 дәрігер, 6 медбике қызмет көрсетеді. Шортанбай ауылының 4, Жасталаптың 1 көшесіне жарық шамдары жүргізілген.

shortanbaj-esep-beru

Ауыл тұрғыны Асылбек Мақатов мал азығын дайындауда тұрғындарға қандай көмек, жеңілдіктер болғанын, екі жылдан бері күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйі қашан ашылатынын сұрады. Сонымен қатар, тас жолды Момышұлы, Жеңістің 40 жылдығы көшелеріне, өткелге дейін жеткізу, спорт кешенінің мамандарын тұрғын үймен қамту, спорттық ойын алаңдарын салу, мектептің алдына жол кедергілері мен белгілерін орнату жөнінде ұсыныстарымен бөлісті. «М.Оразалиева» шаруа қожалығының жұмысшысы Бақытжан Оразалиев  Шортанбай балық зауытының құбырын ауыстыру қажеттігін, енді ол жөндеуге келмейтінін қаперге беріп, ауыл тазалығын сақтау, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру туралы өзінің ойын ортаға салды. Ауданның Құрметті азаматы Рауиля Дощақова бұрынғы 50 орындық емхананы қайтадан ашу, ауылға 100 орындық типтік балабақша, музыка мектебін салудың қажеттілігін жеткізсе, жеке кәсіпкер Болат Абдолов ауыз суды үзіліссіз беру, жаяу жүргінші көпірін салу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.   

Округ әкімі М.Ғұмаров ауылдағы көшелердің тарлығынан жол салуда біршама қателіктер кеткенін, алға қарай қолға алынатынын қаперге беріп, тазалық жұмыстарына атсалысқан белсенді азаматтарға алғысын білдірді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Марат Мурзиев ауданның кешенді даму жоспарына сай ашық спорт және ойын алаңдары бойынша түрлі жобалар басталатынын айтып, өңірде 2025 жылға дейін 5 мектеп, 8 балабақша салу жоспарланғанын, Шортанбай да бөбекжайдың құрылысын қажет ететіндіктен оны да іске асыруға тырысатынын жеткізді. Емхана ашу мәселесі кадр тапшылығына байланысты шешілмейді. Оның талаптарына сәйкес мекеме 5-6 дәрігермен қамтылуы қажет. Такси бағасына шектеу қоя алмаймыз. Алдағы наурыз айында конкурс ұйымдастырып, аудан орталығына қатынайтын автобус шығарамыз, - деген аудан басшысы өтініштеріне сәйкес кейбір тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Айнагүл Шакупова    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT