Шежірешілер байқауы өтті

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев  атындағы мәдениет үйінде ардагерлер арасында «Шежіре – халықтың тарихы» атты аудандық шежірешілер байқауы өтті. Оған Теңіз, Ақкөл, Шортанбай, Еңбекші, Мақаш ауылдық округтерінен  60 жастан асқан  қарияларымыз  қатысты. Шараның  мақсаты – тарих пен мәдениетті сақтау, шежіре мен дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, әулеттердің тарихын зерттеп, халықтың біртұтастығын нығайту.

Байқаудың бірінші шарты бойынша отбасылық тарихын зерттеп, шежірелерін жазбаша түрде ұсынды. Екінші шартында ата-баба және әулет тарихы туралы баяндама жасады. Үшінші шарты бойынша қатысушылар өздерінің шежіре көрмесіне қойылған жәдігерлерді таныстырды. Шежірені көбі жақсы жасақтапты. Арғы аталарынан бастап бүгінгі ұрпақтарына дейін сызба жасап берілген. Led экран арқылы да көрсетілді. Оған қоса бейнебаян түсіргендері де бар. Кейбір қатысушылар баяндамаларында  өмір тарихтарын жақсы әңгімеледі. Көрмеде Теңіз ауылдық округінен қатысқан Әнуарбек Ғұмаров ағамыз өзі әкелген киіз үйдің үш түрлі құрын, анасы 65 жыл бұрын берген калош пен пиманы, 1984 жылы қызы Назираға арнап тігілген ұлттық бас киімді, 136 жыл болған кесені, тамақ пісірген керосинканы, шамды  таныстырды. Ақкөлдік Ерсайын Тілепбергенов ауданға тіс дәрігері болып келгенде бұл мамандықты меңгерген жалғыз қазақ болғанын айтып, өзі шығарған және басқа қаламгерлердің отбасына  қатысы бар кітаптарын көрсетті. Шортанбайлық Саясат Зұлхарнайұлы әкесінің қолынан шыққан ескі домбыраны, оған берілген сағат пен медальдарды сақтап жүр екен. Еңбекшілік Нұрлан Кәрімұлы 1959 жылы әкесі жазған шежіре беттерін, жырау Кәрімнің жанды дауысын көрермен назарына ұсынды.

Шежірешілер байқауын әділқазылар алқасының  төрайымы Балғаным Хасенова қорытындылап, қатысушылардың  әрбірінің жұмысына  жеке  баға берді. Байқау нәтижесімен І орынды Ерсайын Тілепбергенов (Ақкөл) пен Нұрлан Кәрімұлы (Еңбекші) алды. ІІ орын Ануарбек Ғұмаров (Теңіз), Саясат Зұлхарнайұлына тиді. Мақаштық Қыдырсиық  Құсайнов, ақкөлдік Абат Нұрғазиев үшінші орын иеленді. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT