Табиғаттың ұйқысынан оянатын, жасыл түске боянатын шағы көктемде адамзаттың сұлу да нәзік жанды жартысын қуантып 8 наурыз мерекесі жетеді.
Нәзік жанды дегенмен де қазақ қыздарының бойында ерекше күш-жігер бар. Олар жұмыс жасай жүріп те өз отбасының бабын табады. Батыстың әйелдеріндей сыланып-сипанып, өзіне қарап, көп күтіне бермейді. Ер адам жұмыстан келгеннен кейін демалады. Ал, қазақ әйелі үйіне аман жеткен соң өзінің табиғат тарту еткен, жалақы төленбейтін екінші мамандығы бойынша жұмысқа кіріседі. Бұл аяулы жар, асыл ана ретінде шаңырағына жан жылуын шашып, отағасы мен балаларының тамағын әзірлеп, кірін жуып, сабағын қарау, олар үшін барлық жағдайды жасау.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Самал Шамханова көп балалы ана. Отбасында сегіз бала тәрбиелеп, өсіруде. Өзі жұмыста болғандықтан азаматы Дидарбек үшемге бас-көз болып, жарына қолынан келген қамқорлығын жасауда. Үлкені Қаламқас Махимова Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің І курс студенті. Одан кейінгі қызы Аружан Әуезов орта мектебінің оныншы, Ұлжана жетінші, Ерасыл төртінші, Мадина екінші сыныбының оқушылары. Үшемдері, Дидарбекұлы Әлемхан, Ерхан, Тілеухан үйде. Бүгінде жастары төрттен кетті. Самалдың айтуынша үшемдердің жағдайлары жақсы. Дәрігерлер уақытында денсаулықтарын тексеріп тұрады. Бір жасқа дейін оларға арнайы медицина қызметкері бөлініп, қасында болған. «Тегін дәрілер, әлеуметтік көмек, әлеуметтік пакет алып отырмыз. Шүкір әлеуметтік, мемлекеттік жәрдемақылар берілуде. Мерекелерде, балалар мейрамдарында да округ тарапынан еленбей қалмаймыз. 2007 жылы енем салып берген үйде он адам болып тұрып жатырмыз», дейді жас ана.
Самал 2013 жылдан бастап Құрманғазы ауылдық округінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс жасайды. Қарауында жалғызбасты жеті бірдей қария бар. Олар Самалды күтіп, уақытынан кешіксе іздеп отырады. «Адам қартайған сайын бала болады», дегендей, үлкендердің көңілінен шығу оңай шаруа емес. Оның үстіне қартайған шағында жалғыз қалғандықтан жаны жаралы жандар сәл нәрсеге ренжуі мүмкін. Өмірде көрген бейнеті көп егде адамдарға бірге туғанындай, өз қызындай көріну оңайға түспейді. Алайда, Самал бәрінің де көңілін тауып жүр. Қайсысының да мінезін жақсы біледі. Жетеуінің де жағдайын жасауға үлгереді. «Өз отбасыммен қатар, жалғыз басты қарияларды да ойлаймын. «Ауырып қалған жоқ па?», деп алаңдаймын. Үлкейген соң адамға ауру үйір болады ғой. Сол кісілердің жанында жүргеннен кейін олар маған өз бауырымдай ыстық. Дендері сау болсын деп тілеймін. Жалғыз қалған адамға көп күтім керек. Бір жағынан отбасымның, екінші жағынан сол кісілердің бабын табу менің басты міндетім. Қарияларға үйіне суын, отынын, дүкеннен тамақтарын, керек-жарақтарын, дәрі-дәрмектерін тасимын. Ауыра қалса дәрігерге апарып қаратамын. Таңертең ол кісілерге тезірек жетуге тырыссам, жұмыстан кейін үйге асығамын. Үйде мені күтіп отырған жан жарым Дидарбек, балаларым, үшемім бар ғой», дейді Самал.
Сегіз бірдей отбасын жұдырықтай жүрегіне сыйдыру үшін адам көңілі қандай кең, жаны мейірім шуағына толы болуы керек десеңізші. Үшемнің анасы осындай жан. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», дегендей Дидарбектей әкеден, Самалдай анадан үлгі-өнеге алған ұрпақтары да жақсы адам болып шығарына сенімдіміз. Бала тәрбиесінде көп нәрсе отбасындағы татулыққа тіреледі ғой. Шуақты мерекеде Самалға қарияларға жасаған жақсылықтарыңыз алдыңыздан шықсын, азаматыңмен бірге ұрпақтарыңның қызығына бөлене бер дейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ