Короновирус індетіне байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғанына бір айдан астам уақыт өтті.
Карантиндік режим болмағанынмен аудан көлемінде бірқатар шектеулер енгізілгені белгілі. Ол туралы ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысы да шықты. Ал, тұрғындар қаулыда көзделген шектеудің шартын толықтай орындап жүр ме?!
Бастапқы кездегідей емес дүрбелең жоқ, азық-түлік алып қалуға қапылған жұртты еш көрмейсіз. Дүкендерде сауда жасаудың, залалсыздандыру шарасын алудың барлық талаптары сақталынуы айтып түсіндірілді. Құқық қорғау қызметкерлерінің араласуымен банкоматтар, пошта торабы алдында кезекке тұрушылардың тәртібі реттелді. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» дегендей, басында тосын болып көрінген бұған да бойымыз үйрене бастағандай. Тіпті аты жаман ауруды ойдан шығарып, арқаны кең салушылық белең алып келетіндей. Үйден шықпаңыздар деп сан ескертілсе де қазіргі уақытта көшеде сеңдей соғылған халық, сапырылысқан көлік. Осы бейғам тірлік басымызға пәле болып үйірілмесіне кім кепілдік береді. Денсаулық сақтау мамандары «аурудың таралуының нақты шыңына жетіп тұрмыз» деп ақпарат құралдары арқылы күнде айтады құлақ асып жатқанымыз шамалы.
Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров бастаған төтенше жағдайдың алдын алу және жою комиссиясы мүшелері аудан орталығындағы бірқатар сауда орындарында рейдтік тексеру өткізді. «Сұлтан» дүкенінде еден жуушының бетпердесіз жүргендігі үшін ауызша ескерту жасалынды. Сондай-ақ, қорғаныш бетпердесін тақпай, қалтасына салып қойып дүкенге кірген тұтынушыларды көзіміз шалды. Жалт беріп қашқандары, кінәсін мойындап кешірім сұрап ақталғандары болды. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Карл Отаров өз құзіретіне кіретін санитарлық талаптардың орындалысын тексерді, залалсыздандыру құралдары келушілер үшін де қолжетімді, көрнекі жерде тұруы қажеттігін қаперге берді. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов қазіргі жағдайда дүкендерде азық-түлік пен жуыну және гигиеналық құралдардан басқа тауарларды сатуға тыйым салынғандығын ескертіп, сөреде самсап тұрған балалар ойыншығы сияқты заттарды алып тастауды тапсырды.
Самаркиндегі жеке кәсіпкер Ж.Нұғыманованың көтерме сауда орнында үш адамнан кіру тәртібі сақталғанынмен есікке ентелегендердің қатары көп. Топтаспай, ара кашықтықты сақтап тұру талабы туралы ескертпе жасаған комиссия мүшелеріне кінә артып дүрсе қоя бергендері кездесті. Тұтынушылардың келім-кетімі аз болғандықтан ба «Арайлым», «Амир» дүкендерінде көзге ұрып тұрған кемшіліктер байқалған жоқ, санитарлық талап та өз деңгейінде.
Рейдтік тексеруді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров жағдайдың қалыпты екенін, бірақ кей жерлерде салғырттыққа салынушылықтың әлі де кездесетінін айтты.
– Жаңа өзіңіз естідіңіз ғой, елде індеттің барына тіпті сенгісі келмейді, өздерің қолдан жасап отырсыңдар дейді. Ауруың қайда, өлген адамдарың қайда деп сұрақты қисығынан қояды. Беті әрмен, Атыраудың өзінде аурудың саны сексеннен асып жығылды, осы шектеулердің арқасында біз аман келе жатырғанымызды айтып түсіндіре алмай келемін. Қалай ғана бұл келте ойдың жетегіндегілердің санасына жеткізерімді білмеймін. Телеграмм желісінде де ылғи кереғар пікір, дұрысын сөйлейтін адамды таппай қиналасың. Әлемді жайлаған короновирустың қазіргі таралуы адам шошырлық деңгейде. Шекеге тимей, сезінбейміз бе деп қорқамын, - деп нали сөйлеген оның сөзін жанайқай деп қабылдамасқа лажық жоқ.
Егін егу сияқты қыруар тірлікті екінші кезекке қалдырып, қалай ғана қарапайым халықты ауруға шалдықтырмай аман алып шығамыз деп шапқылап жүрген аудан атқамінерлерінің мігірсіз тірлігін өз басым түсінгендеймін. Ал, сіз ше?
А.НӘЖІМОВ