Тәуелсіз еліміз егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ Елбасымыздың бастамасымен өзінің шекарасын нақтылап алуды жүзеге асырған болатын.
Қандай мемлекет болмасын өзінің тыныштығын қорғауы үшін ел шебiнiң межесін бiлуi тиіс. Ресеймен арадағы шекара жөніндегі келiciм Қазақстанның мүддесін ескере отырып жасалғаны кезінде ақпарат көздерiнде айтылды. Әрi ол жұмыстар кабинетте отырып картадан сызып емес, жергілікті тұрғындардың көз алдында жасалды. Сол кезде халықтың тарапынан ешқандай наразылық, қарсылық болған жоқ. Енді, 2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған "Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісім" бойынша бүгiнде жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталды. Қазiр жүргiзiлiп жатқан Атырау және Астрахань облыстарының бойында шекара қоршауларын орнату Көптоғай ауылдық округінде де қолға алынуда. Себебі, бұған дейін түрлі себептермен демаркациялау жұмыстары аяқталмай қалған еді.
Бұл жолы да шекара қоршауын жүргiзбес бұрын атқарушы билік, шекара қызметкерлері тарапынан халықтың арасында түсiнiк жұмыстары жасалып, кездесулер өткiзiлдi. Қазақ жерiн ешкім көршi елге бере салып жатқан жоқ. Бәрі заңдылыққа сай атқарылып отыр. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері: "2013 жылдың мамыр айында орнатылған N23 және N24 шекаралық белгілер арасындағы металл қоршаулар РФ аумағына қарай 10-70 метр аралығында орналасқан", деп мәлімдеді. Сондықтан, бәрі екі мемлекеттің арасындағы келісімге сай атқарылып отырғандықтан елiмiздiң жерi өзге мемлекетке кетті деп орынсыз шу шығармағанымыз жөн деп санаймыз. Шекараны түпкiлiктi бекіту егемендiгiмiздi нығайта түсетін заман талабы.
А.Шакупова