Шекаралық ауылда жаңа мешіт бой көтеруде

(0 Votes)

Ресеймен шекаралас қоныс тепкен Байда ауылдық округінің орталығы Котяев ауылында 300 орындық жаңа мешіттің іргетасы құйылды. Бүгін оның алғашқы тасын қалу салтанаты өтті. Оған бір топ ардагерлер қатысты. Мешіт құрылысын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Ризабек Жаудин.

Шараға қатысушыларды округ әкімі Жүсіп Төреғалиев құттықтағаннан соң, аталмыш округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов ізгі тілегін жеткізіп:

– Бүгін мешіт құрылысын салуға атсалысып жатырған барша азаматтарға жақсылықтарың алдарыңнан шықсын дегім келеді. Қазақ дінді басқа халықтардың соңынан қабылдаған. Бабаларымыз діни фанат болмағанымен, Алла Тағаланы әрдайым жүректерінде ұстаған. Аналарымыз қара жамылып жүрмей, ақ кимешек киіп үйдің бүкіл шаруасын тындырып, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлген. Соның бәрін осы тұрған үлкендеріміз көріп өсті. Бұл мешіт біріншіден достық, өзара татулық пен сыйластық орталығы болғай. Қазір түрлі жат ағымдар көбейіп, бала әке-шешесін тыңдамай кетіп жатыр. Ол қазақтың салт-дәстүрінде жоқ нәрсе. Құранда ең бірінші ата-ананы сыйлау керектігін айтады. Одан кейін ұстазды құрметтеуге шақырады, - деп Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстанбабты қалай қадірлейтінін өзіне кесене салмақ болған Ақсақ Темірге аян арқылы білдіргенін қысқаша әңгімеледі.

0d3251ca-f888-4334-9cda-605b85dd4865

Жаңа мешіт имандылық ұясына айналып, жастарды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейтін орын болатынына сенімді екенін жеткізіп, басталған іске сәттілік тіледі.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин:

 – Осы құрылысты салмақ болған ниетімізді қысқаша айта кетейін. Былтырғы жылдың желтоқсанында шаңырағымызда орны толмас қайғылы қаза болып, мен жан жарымнан, балалар анасынан, немере-жиендер әжесінен айырылды. Барлық қаделері өткеннен кейін балалармен ақылдасып, анаға құрмет көрсетіп, сауабы тиетін бір жасағымыз келді. Содан анаға қандай құрмет те артықтық етпейді, мешіт салайық деп ұйғардық. Өзіміз тұратын Құрманғазы ауылдық округінен оған жер таппадық. Дін жолында жүрген Ризабек балам аудандық, облыстық имамдармен ақылдасты, былтыр діни басқармадан келген адамдармен сөйлесті. Олар бізге Котяев ауылы шекарада жатырғанын, сонда мешіт салып берсеңдер қалай болады деген ұсынысын айтты. Оны құп алып, міне, іргетасын көтеріп, бүгін алғашқы тасын қалағалы тұрмыз. Болашақта дәстүрлі дінімізді насихаттайтын, жастарды имандылық жолына салатын құтты орын  болады деп ойлаймын, - деді.

Аудандық «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев Құран оқып, бата берді. Мешттің екі жақ қабырғасының алғашқы тастарын қалау құрметі округ әкімі Жүсіп Төреғалиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин, медицина саласының ардагері Зейнетолла Ақбанов, еңбек ардагері Шафхат Мұфтаховқа тиді.

Округ тұрғыны, еңбек ардагері Берік Қалиев округ әкімінің қызметіне көңілі толатынын, келгелі біраз шаруа тындырғанын, саябақ ашылып, соғыстан оралмағандарға ескерткіш орнатылып, енді міне, іргелес елден ауданымызға аяқ басқандарға ислам дінін ұстанатын халықтың жеріне кіргенін паш ететін мешіт бой көтергелі жатырғанын айтып, ризашылығын білдірді. Одан әрі ауданымыздың игі жақсылары жеке кәсіпкер Ризабек Жаудин ұйымдастырған садақа дастарханынан дәм татты.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521