Қазір індет таралуына байланысты көрші мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасқа да шектеу түскені өздеріңізге мәлім.
Іргелес жатқан Ресейге бұрынғыдай емін-еркін өте алмайсыз. Тәжвирус мұнда да қырағылықты күшейтуге мәжбүр етті. Себебі ел азаматтарының өмірі мен денсаулығы бәрінен де қымбат. Ел межесін көздің қарашығындай күзетіп тұрған Құрманғазы шекаралық бақылау бөлімшесінің бүгінгі тыныс-тіршілігін білмек оймен оның бастығы майор Болысхан Нұғымановты әңгімеге тарттық.
– Шекара бойында әрлі-берлі қозғалыс болмай тұрмайтыны анық. Ол қалай жүзеге асырылуда?
– Бұл мақсатта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан карантиндік шектеулер кезіндегі өту тәртібі басшылыққа алынады. Аталған тәртіптің 1 тармағының 5, 6,15,20,21,25 тармақшаларына сай шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат беретін құжаттардан басқа COVID-19 коронавирустық инфекция белгілерінің жоқтығы туралы ПТР-тест (полимеразды тізбекті реакция) анықтамасы талап етіледі. Анықтаманың болуын санитарлық-карантиндік бекеттердің қызметкерлері тексереді. Шекарадан шетелдік оқу орнының растайтын құжаттары болған жағдайда шет мемлекеттердің аумағындағы оқу орындарында оқып жүрген еліміздің азаматтары, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі болған кезде халықаралық жүк тасымалдарын(бір жүк көлігіне 2 жүргізушіден артық емес), осы тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтуге рұқсат етілген адамдарды тасымалдауды және эвакуациялық рейстерді жүзеге асыратын жүргізушілер, әрбір жеке жағдай үшін Премьер-министрдің орынбасары төрағалығымен арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия бекіткен тізімге сәйкес әлеуметтік маңызы бар компаниялардың қызметкерлері – шетелдіктер, аталған комиссияның бекіткен тізіміне сәйкес жасалған келісімшарттар шеңберінде автомобиль және арнайы көлік жеткізуді жүзеге асыратын адамдар өте алады. Өту тәртібі бұған дейін де жарияланғандықтан толық тоқталмай-ақ қояйын.
– Шекараның арғы бетінде қалып қойған еліміздің азаматтары кері оралса немесе бізде жүрген шетелдіктер еліне кетсе ше? Мұндай азаматтарға рұқсат бар ма?
– Бұрын шет мемлекеттің аумағына кеткен Қазақстан Республикасының азаматтары елге қайтуына болады.Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаты немесе оралман мәртебесі бар шетелдіктер және олардың отбасы мүшелері 30 тәулік ішінде 1 рет өтуіне рұқсат етілген. Осындай шектеу өзге елде жүрген азаматтарымыздың немесе шетелдіктердің отбасы болып табылатындарға да қолданылады.
– Ауырып, басқа мемлекеттерге қаралғысы келгендер қайтеді?
– Қазақстан Республикасынан шетелге емделуге кететін азаматтар Денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын көрсетуі және қасына ергендер екі ересек адамнан аспауы тиіс. Өздерімен бірге диагнозды және емдеу жеделдігін растау үшін аумақтық амбулаториялық-емханалық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы болуы қажет.
– Жалпы сіздер арқылы қандай автокөліктер өтуде?
– Азаматтарға шекара ашылған жоқ. Қазір тәулігіне 250-300-дей мемлекетаралық жүк тасымалымен айналысатын «Камаз» және азық-түлік таситын «Газель» автокөліктері мен сондай мөлшерде адамдар өтуде.
Сұхбатты жүргізген Қанат ҒҰМАРОВ.