Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың жергілікті тұрғындармен кездесуі Сүйіндікте жалғасты, - деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуді аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, сөз кезегін депутатқа берді.
Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов кездесу барысында жиналғандарды жоғарғы заң шығарушы органның жұмыс қорытындыларымен, заң шығару қызметінің ерекшеліктерімен, Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырып өтті.
«Құрметті жерлестер! Өткен жылғы сәуір айында сайлау өтіп, мен де сіздердің қолдауларыңызбен Мәжіліс депутаты болып сайланған едім. Депутат болып сайланғаннан кейін мен де өңірлік мәселелерді тұрақты түрде Парламент отырыстарында көтеріп келемін. Бұл жолғы сапарымды облыс көлемінде ең ауқымды аудандардың бірінен бастап, соның ішінде ауданнан шалғай жатқан қыр өңірі бойы елімен жүздесуді оң санадым, » дей келе, жергілікті тұрғындарға шешімін күткен көкейде жүрген сауалдары болса ортаға салуларын сұрады.
Сүйіндік ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахтыгерей Сейітханов ауыл азаматтары атынан түскен өтініш-тілектерді жеткізді:
«Ауданымызға қош келдіңіз, сенім артып сайланған халық қалаулысы болған соң халықтың да айтары бар. Біздегі ең бірінші кезектегі мәселе, ол жер. Ауыл жастары өз ауылдарынан жер алып, кәсіп ашып, дөңгеленткісі келеді. Бір әттегені, көптеген жеріміз шаруа иегері Розметовтің иелігінде. Бұл проблеманы қай қай жиында да көтеріп келеміз. Сізден сұрайтынымыз, пайдаланылмаған сол шаруагердің жерлерін қайтарып, ауыл азаматтарының кәсібіне тиісті заңға сәйкес бөліп берсе. Бұл біріншіден ауылда халықтың тұрақтап қалуына да өз әсерін берер еді. Екіншіден шөп шабатын кәсіпкерлерге шабындық жер аз. Субсидия алу мәселесі шешілсе. Жол мәселесі өзіңізге мәлім. Сыртқы қатынас жолды айтпағанда, ішкі жолды күтіп ұстайтын мекеме мамыр айында бір келді. Жол қатынасының қиындауы саулығына орай облыс, ауданға шұғыл жететін науқастарға өз кесірін тигізуде. Ауыз судың келуі де созылып кетті. Дәрігерлік амбулатория салынып жатқанымен, маман тапшы, осы кезге дейін лаборант жоқ. Жұмыс жасалып жатқан жоқ деп айта алмаймыз, халық бар жерде, сұраныс та пайда бола береді ,» деді ардагер.
Бұдан әрі жарыссөз жалғасып, ауылдың белсенді азаматтары, ветеринар мамандарына арнайы ғимарат бөлінсе, мемлекеттік сатып алуға түсетін мердігерлер жергілікті жерден болса, халықты ауылға тұрақтандыру турасында ой-пікірлерін білдірді.
Барлық сауалдарды саралай келіп сөз алған мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Құрманғазы ауданы , соның ішінде Азғыр , Асан, Сүйіндік ауылдарының өзекті мәселелері бойынша облыс әкімі Серік Жамбылұлымен кездесіп, талқыланатынын жеткізді.
Кейбір аудан көлемінде шешілетін мәселелер бойынша аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы жауап берді.
Жиынды Мәжіліс депутаты Ел Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың “Шекарадағы ауылдарға айрықша назар салу қажет” деген сөзімен қорытындылап, келесі кездесуге мәселелердің белгілі бір шешімімен келетінін жеткізді.