Республика күні қарсаңында Бөкейхан ауылдық округінде 250 орындық «Салиха ана мешіті» ашылды. Жасыл күмбезді, қос қабатты, көркі көз тартар әсем мешіт ерлер мен әйелдер залдарымен қамтылған, ауласында намаз алдында жуынатын орын (таһаратхана), мешіт қызметкерлері үйі, жылыту қазаны ғимараттары орналасқан.
Жаңа діни орынның шалу салтанаты аудандық «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегалиевтің Құран оқып, ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлының бата беруімен басталды. Өкіл имам демеушілік жасап, басы-қасында жүріп, осындай мешітті салғызып, жамағатқа сыйға тартқаны үшін жеке кәсіпкер Ризабек Жаудинге ризашылығын білдірді.
Алғашқы сөз аталған азаматтың әкесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ауданымызға танымал мемлекеттік қызметтің ардагері Талғат Жаудинге беріліп:
– 2021 жылы басымызға ауыр қайғы түсіп, балаларым анасынан, немере-жиендер әжесінен, мен жан жарымнан айырылған болатынмын. Жұбайым Салиха марқом Тәуелсіздік алғаннан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып, дәріхана ашып халыққа қызмет көрсетті. Ауру балаларға демеушілік жасап өмірден өткенше көмектесті. Қаделерінен кейін артында қалған азды-көпті жинағын қалай етеміз деп балалармен ақылдаса отырып, Алланың үйін салуға ұйғардық. Анаға қандай құрмет көрсетсе де аз болмайды ғой. Кіші балам ауыл, облыс имамдарымен ақылдасқанда, мешітті шекарада жатқан Бөкейхан ауылында салу керек деп шешіпті. Мұны өте дұрыс деп есептеймін. Себебі, Қиғаштың арғы бетіне Ресей еліне шықсақ, Астрахань облысында үлкен крест тұр. Ол христиан дінін ұстанатын мемелкет дегені. Енді, бергі жағасына өткенде біздің көк туымыз сияқты мешіттің күмбезі, минареті көрінеді. Бұл қазақтың жері екенін, қандай дінді ұстанатынын білдіреді. Құрылыс басында балаларым Руслан, Ризабек жүрді, ішкі дизайнын жасауға Астанадан шеберлер шақырдық. Жаңа ғимарат жастарды үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуға тәрбиелейді, жат ағымдарды жолатпай, өзіміздің бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлі ұстанымымыз Әбу Ханифа мазһабын насихаттайды деп сенемін – деп мешіт құрылысына азды-көпті үлесін қосқан жамағаттарға, жеке кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев келе жатқан Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтап:
– Еліміздің батыс қақпасы болып есептелетін ауданымызда осындай ғимарат, «Салиха ана» мешіті ашылып жатқанына қуаныштымыз. Жаңа мешіт жастар арасында адамгершілікті, имандылықты, өзара сыйластық пен татулықты, отансүйгіштік пен қоғамға адал қызмет етуді насихаттайтын орынға айналсын дейміз. Өзіміздің салт-дәстүріміз бен ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан рухани құндылықтарымызды олардың бойына сіңірсін деп тілеймін. Марқом Салиха анамыздың да рухы риза болып жатқан шығар. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! – деген ізгі тілегін жеткізді.
ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлы:
– Жалпы құлшылық деген тек намаз оқу емес! Оның аясы өте кең! Ол алдымен елімізге қызмет ету, ата-анамызға құрмет көрсету, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу және ағартушылықпен айналысу. Сонымен қатар, мәдениеттілікті, әдептілікті насихаттау. Сол себепті адамдарды оған үйрету үшін жер бетінде ең алғашқы мешіт – Қағба салынған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) Меккеден Мәдинаға көшіп барғанда бірінші кезекте мешітті қолға алған. Себебі, мешіт адамдарды бөлуге емес, біріктіруге қызмет ететін орын. Ол тек діни емес, заманауи да білім бере алады. Кешегі Алаш арыстарының бәрі де молданың алдына барып сауат ашқандар. Қазіргі таңда кейбір адамдар мешіттің қадір-қасиеті білмегеннен, ішіне келіп қандай орын екенін ұқпағаннан кейін елдің арасында теріс түсінік қалыптастырып, адамдарды оған қарсы қойып жатқанын көріп жүрміз. Бұған білімді мешіттен, имамдардан емес, интернеттегі жат ағымдардың жазбаларынан алған, дінді дұрыс түсінбейтіндер де себеп болуда. Қазақ халқы «Азаны бар ел азбайды», деген. Мешіт – жамандықтан тиятын орын. Ол арқылы қаншама ауылдар ішімдік ішуден, құмар ойнаудан, түрлі қылмыстарға барудан, өзіне-өзі қол жұмсаудан, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастаудан тыйылып жатқанын білеміз,– дей келе, діни басқарма тек мешіттер ғана емес, жоқ-жітік адамдарға баспана, мектептер, балабақшалар, көпірлер салуға да шақырып отырғанын жеткізді.
«Салиха ана» мешітінің имамы болып тағайындалған Наурызбай Жәлеловті қатысушыларға таныстырды. Мешітке естелік сурет сыйлап, мемлекеттік қызметтің ардагері Талғат Абдулхамитұлын, Ризабек Талғатұлын және құрылысқа көмектескен жеке кәсіпкерлерді Алғыс хаттармен ұлығылады. Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев жеке кәсіпкер Ризабек Жаудинге «Ауылға сіңірген еңбегі үшін» медалін табыс етті.
Жаңа мешіт алдына керілген лентаны мемлекеттік қызметтің ардагері Талғат Жаудин, аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев, ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлы қиып, ғимарат ішінде Құран оқылып, бата берілді.
Қанат ҒҰМАРОВ