Шекарадағы ауылда шешілмеген мәселе көп

(0 Votes)

Көптоғай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Айдос Шамеров: - Округте 13 шаруа қожалығы, 8 кәсіпкер бар. Жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрайды. Тұрақты жұмысқа 2, маусымдық жұмысқа 45 адам орналасты.

Мектепте ыстық тамақпен 77 бала қамтылып отыр. Балықшы ауылынан 36 оқушы тасымалданады, - деген хабарламашы проблемалық мәселелерін де қаперге берді.

esep-beru

Балықшы ауылының тұрғыны Әсел Мұғалова жүзбелі өткел жанындағы жарық шамдары түгел жанбайтынын, иесіз ит пен мысық көбейіп кеткенін, кезінде ауыл шетіне егіліп, қоғамдық қызметтің адамдары шелектеп тасып су құйған теректердің лентамен ғана қоршалып тұрғанын жеткізді. Ауыл тұрғыны Анарбек Қабиев мал шекарадан Ресей жаққа өтіп кетсе арғы бетте ұрланатынын, 10 бас малы жоғалғанын ашына айтты. «П.Қайседенов» шаруа қожалығына қарайтын су тазарту қондырғысының операторы Елемес Көшәлиев су сүзгілерін ауыстыру қажеттігін жеткізді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбай Өтепов: - Көптоғай ауылына Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бері ешбір құрылыс нысандары салынбады, тіпті бір шеге де қағылмады десек артық айтқандығым болмас. Біз шекараның түбінде отырмыз. Былтырғы жылы осы тұрғындардың 70-80 малы жоғалды. Оны иелері ары-бері шырылдап қайтара алмады. Себебі, бізде жайылым жоқ. Жердің бәрін шаруа қожалықтары қоршап алған. Олардың жеріне мал кірсе, Ресей жағына айдап жіберетін көрінеді. Бізде қымбатшылық күйіп тұр. Бір орам шөпті 6 мыңға сатып аламыз. Оның тасымал көлігі мен жүзбелі өткелдің бағасын қоссаң 10 мыңға шығады.

esep-beru2

Басың ауырып, балтырың сыздаса сауасқтың ұшынан қан тапсыру үшін аудан орталығына барасың. Оның шыққан қорытындысын алу үшін тағы қатынауға тура келеді. Оның бәрі қып-қызыл шығын, - дей келе, тағы қосымша бірқатар мәселелерді көтерді. Зейнеткер Өтеген Зиноров тозығы жеткен электр бағаналары қашан ауыстырылатынын сұрап, жазғы су құбырларын тартудың өзектілігін қозғады. Ауыл жастары атынан Дамир Аймашев жазғы стадион алаңын қоршау қажеттігін жеткізсе, бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында қосымша спорттық нысандар салуды өтініш етті.

Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы: - 18 шақырым ауылішілік электр бағаналарын ауыстыру жөнінде жоба басталып кетті. Шекараның 45 шақырымы сіздерде ашық жатыр. Сондықтан, тұрғындар өздерінің иелігіндегі малдарын бағу қажет, - дей келе, жиында көтерілген басқа да сұрақтар бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

 

Айнагүл Шакупова    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT