Шекарада дизкедергі жұмыс жасайды

(0 Votes)

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев бір топ лауазым иелерімен бірге «Құрманғазы» шекаралық өткізу бекетінде болды.

Аталған бекеттің Ресей жақ бетінде «Республикалық эпизотияға қарсы отряд» РММ-нің Атырау филиалының басшысы Мақсот Кемелбаев бастаған топ дезинфекциялық кедергі орнату жұмыстарымен айналысып жатыр екен. Ол біткеннен кейін барлық көлік осы жерден залалсыздандырылып өтеді. Жұмыс барысымен танысқан аудан басшысы Қайрат Талапұлы: – Мұнда жергілікті жердің тұрғындарын қызметке қабылдағанда жұмыссыздар есебінде тұрғандардан болуы қажеттігін ескеріңіздер. Тікелей алмаңыздар. Қандай мәселелеріңіз болса да бізге шығыңыз, шешеміз. Сіздерді талап етілетін су мөлшерімен қамтамасыз етуді ұйымдастырамыз. Сонымен қатар жұмыс жасауларыңызға ыңғайлы болуы үшін өзімізде бар үш вагонның біреуін осында әкеліп қоямыз. Басты мақсат – аурудың таралуын болдырмау, - деп басқа да шешімін күткен қандай мәселелері барын сұрады.

img_1229

Дизкедергінің жұмыс барысы, қажетті дәрі-дәрмектермен, құралдармен қамтылуы жайлы айтып беруін сұрағанымызда «Республикалық эпизотияға қарсы отряд» РММ-нің Атырау филиалының басшысы Мақсот Кемелбаев: – Бұл жұмысты дизкедергіні бітірген бойда, яғни ертең бастаймыз. Мына төселіп жатқан жұмсақ губкіге залалсыздандыру сұйықтығын құямыз. Үстінен өткенде көліктің дөңгелегі жуылып шығады. Ал, фуралардың (ірі жүк көліктері) дөңгелектеріне арнайы бүріккіш құралмен дезол сұйықтығын шашамыз. Дезол, дезматалар, көзді қорғау көзілдіріктері, респиратор (мұрынға киеді), арнаулы киімдер, қажетті дәрілер, басқа да құралдар жеткілікті. Жергілікті тұрғындардан сегіз адамды жұмысқа тартып отырмыз. Тәулігіне екі адамнан кезекшілікке тұрады. Жалақысын өзіміз төлейміз. Оларға арнайы жасалған кезекшілік кестесі, техникалық қауіпсіздік ережелері таныстырылды, - деді.

img_1251

Одан әрі аудан басшысы шекара бөлімшесіндегі қызуы көтерілген жүргізушілерді оқшаулауға арналған вагонда болды. Оны көргеннен кейін орынбасары Жандос Бектеміров, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев, ауру таралмауына тікелей жауапты аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Карл Отаров, полиция, ҰҚК, шекара бөлімшесі басшыларымен алынуға тиісті сақтық шаралары жөнінде ақылдасты. Барлығы да өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT