Ғалия Рысқалиева – текемет тоқумен айналысатын он саусағынан өнер тамған шебер.
Ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнермен 12 жасынан бастап айналысып, насихаттап жүргеніне елу жылға жуық уақыт өтіпті. Кейіпкеріміз ұстаздық ұлы еңбегіне жалғасқан бұл ісін жаны сүйіп айналысатын қарекеті ретінде түсіндірді. Өйткені, көңілі құлазыған шақта да жұбанышы – алдындағы ала алашасы екен.
– Мен балиғат жасына толған соң әжем қыз балаға енді ойын қуып, доп артына кетуге болмайтынын, бойжеткен соң тігу, тоқу сынды қолөнермен айналысу керектігін айтып, үйден шығармай қойған. Содан текемет тоқуды, жіп иіруді әжем мен анамнан үйрендім. Сол кездің сәні - ауыл әжелерінің құрған үлкен өрмектері. Оны жайдан жай құрмайды. Анамыз қазанға ет асып, көрші әйелдерді қонаққа шақырып, шәй жеткен соң бәрі бірлесіп өрмек құрады. Сол процестерді бақылап жүрген мен олардың жіпті де әдемілеп бояғандарына қызығып, ақыры өзім кірісіп кеттім, - дейді Ғалия Сайыпқызы.
Шебердің айтуынша, текемет тоқу үшін адамға белгілі бір қасиеті болу шарт емес дейді. - Термеге алдымен кім-кімнен де қызығушылық керек. «Үйренемін» деп ниет қойса, ынталанса ғана қолынан келеді. Оған қоса, бұл өнер ыждағаттылық пен сабырды талап етеді,-дейді. Сөйтіп, қолына жіп ұстаған шақта алғаш қақпа-алаша тоқудан бастапты. Оның арасына квадрат типтегі сынық мүйіз сынды ою-өрнектермен көмкерлеп, әдемілікке деген құмары одан әрі арта берген. Соның нәтижесінде, тоқудың қарапайым жүз теруден күрделі түркпен теруге дейінгі әдісін меңгеріпті. Көркемдікті ұнатқан кейіпкеріміздің шығармашылық қабілеті ерте жастан білінгендігі шығар, текемет тоқуды үйрену Ғалия апай үшін қиын болмапты. – өрнек тоқу анау айтқандай аса бір ауыр болмады, тез қалыптасып кеттім. Тек, қолданар жіпті дәл есептеу қажет. Кейде артылып, арқау салмағай тарқатылып кеткенде қолға байлау салады. Ал, ел арасындағы көз талып, ауру пайда болады деген алып-қашпа әңгімені жоққа шығарғым келеді. Себебі, тоқыған сәтте отырып-тұрып, еңкейіп, бұрылғанның өзі адамға жаттығу. Сергіп қаласың,-дейді ол. Шебер алашаға арналған жіпті дайындауға жыл бойына жүн түтіп, тазалап, бояп, иіріп, кенеттеп, оны ширатып, катушкаға орап, қор жиған соң, бір текеметті толық бітіруге бір ай, дүние тірлігі араласқан жағдайда тоқсан күн уақытын жұмсайтынын да тілге тиек етті.
«Өнер атадан қалған мұра» болса, күні-бүгінде Ғалия Рысқалиева әжесі мен анасы қалдырған асыл өнегені сөндірмей келеді. Шәкірттеріне үйретіп, соларды баулып жүр. Бірлесіп ұршықты да иіреді, киізді де басады. Оның осындай бесаспап өнерімен күллі Қазақстан таныс. Өткен жылы Сарайшықта өткен халықаралық көрмеге де жерлесіміздің туындылары ұсынылып, көптің таңдайын қақтырғаны баршаға мәлім. Ғалия Сайыпқызының ендігі мақсаты жазда Алматыда өткізілетін 14 облыстың өз нақышын айқындайтын алашалар көрмесіне жұмысын дайындап, үздік атануды көздеп отыр. Үздіктер арасынан ұлығыланса, әлемдік көрмеде еңбегі сараланбақ екен.
Ғалия Рысқалиева – 1963 жылы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Жаңаталап ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин мектебінің 11 сыныбын бітірген соң, Оралдағы педагогикалық училищенің көркем графика мамандығын тәмәмдаған. М.Әуезов жалпы орта мектебінде ұстаз. Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің мүшесі. Алдағы уақытта, жас аналар мен үлкен апайларға текемет тоқып үйрету үшін кездесу мен жиындарды жиі-жиі оздырмақ ниеті де бар.
Жайдарлым Қайреден