С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздігіміздің тарихының куәсіндей Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай «Шаттықтан шашу шашқан Елорда» атты салтанатты шара өтті.
Аудандық өнерпаздар Гүлзада Тілегенова мен Елдос Құлшаров мерекенің маңыздылығы жөнінде сөз тарқатты.
Еліміздің бас қаласын Алматыдан Сарыарқа төсіне ауыстырып, жаңа астана салу туралы тарихи шешімнің сындарлы кезеңде қабылданғанына тоқталған аудан әкімі Қайрат Нұртаев Елбасы идеясымен іргесі қаланған Елорда – Нұр-Сұлтан қаласы 21 жылдың ішінде мемлекет тәуелсіздігінің айшықты символына айналғанын атап өтті. - Бүгінде жас, әрі жасампаз қала түрлі халықаралық, экономикалық, мәдени-рухани басқосулардың ордасы. Бүгінде қаланың сәулеті ерекше дамып, озық үлгідегі архитектуралық жобалар халық игілігіне берілді. Еңсесі биік Ақордадан бастап, «Астана-Бәйтерек», «Қазақ елі» мемориалды кешені, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан Шатыр», «Думан» орталықтары сияқты сәулеті келіскен ғажайып архитектуралық туындылар Нұр-Сұлтанның ажарын айшықтай түскен. Елордамыздың еңсесі биік, жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын, - деген тілегін арнап, мереке қарсаңында ауданымызда жағымды жаңалық орын алып жатқанын, алыстағы Асан ауылының тұрғындары көгілдір отынмен қауышқанын жеткізді. Одан әрі өңіріміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік тұрғыда дамуына үлес қосып жүрген бір топ түрлі сала қызметкерлерін өзінің алғыс хатымен марапаттады.
Еңбек ардагері Амангелді Карсаков Елорданың ел тарихында алар орнын екшеп, құрманғазылықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Нұр-Сұлтанның төл құрдасы, Абай атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айдана Займуллина жүрекжарды лебізін білдіріп, бас қаланың болашағының жарқын болуын тіледі. Одан әрі салтанатты жиын С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты. З.Қуанышқызы, Р.Исмагулов, Г.Кенжешова, Е.Айсын, Е.Қайыржанов, Г.Тілегенқызы сынды өнерпаздар еліміздің бас шаһарына арнаған әндерін әуелетті. Киров ауылдық клубы жанындағы балалар хоры, «Қарлығаш» би тобының хореографиялық композициялары зал толы көрерменнің көңілінен шықты.
А.Шакупова