Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған «Қош келдің, Жаңа жыл - жаңа белес, жаңа арман!» жаңажылдық шыршасы Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте өтті. Мерекелік шараға 50-ге тарта мектеп оқушылары қатысты. Әсерлі қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттар ұсынылатын шыршатойды аудандық білім бөліміне қарасты оқушылар үйі мен аталған мектептің қызметкерлері биыл да ерекше мағынада ұйымдастырды.
Көңілді кеште Аяз ата, Ақша қар мен Қыс ханшайымы сынды баршамызға таныс ертегілік кейіпкерлер мен сайқымазақтар жиналғандардың көңілін серпілтті. Шырша тойы әдемі музыкалық композициямен жалғасып, думанға айналды. Сахна төрінде Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің өнерлі оқушылары әсем әндер айтып, көз тартар көрініске толы қойылымдар қойды. Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Үлкен экраннан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің барлық балаларын шадымен мерекемен құттықтаған сөзін қатысушылар ерекше ықыласпен тыңдады. Балалардың қуанышына аудан әкімі Марат Мурзиев де ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Ол өз сөзінде «Балалар жылы» аясында ауданымызда бірқатар игілікті істер атқарылғанын айта келіп, шыршатойды өткізуге бірнеше жылдан бері демеушілік жасап жүрген «Каспий Құбыр Концорциумы» АҚ ұжымына, бас директордың орынбасары Қайыргелді Қабылдинге, «Бақыт бұлағы» қоғамдық қорының директоры Ботагөз Есімсейітқызына үлкен ризашылығын білдірді. Мерекелік шара барысында балаларға сыйлықтар мен тәттілер үлестірілді.
Айбек НӘЖІМОВ