Шаттыққа толы шыршатой

(0 Votes)

«Қуантсаң, баланы қуант» дегендей, көптің асыға күтетін Жаңа жыл мейрамында сәбилерге тосын сый жасап, бақытқа кенелткеннің өзі бір ғанибет.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аудан әкімінің қайырымдылық шыршасын бұл жолы аудан, облыс көлеміне танылған «Жасмин» мерекелік шараларды ұйымдастыру орталығы өткізіп, сәбилерге жақсы көңіл күй сыйлады. Әсем безендірілген жасыл шыршаны дөңгелене билеген бүлдіршіндер бір қызықтың, күтпеген сыйдың болатынын сезгендей ерекше қуаныш үстінде тұрды.

img_7880

Көп ұзамай ортаға шыққан ертегі әлемінің кейіпкерлері жаңа жылдық думанды бастап та жіберді. Танымал дәстүрлі әнші Нұрболат Исаев шара шымылдығын өзінің арнауымен ашты.

img_7894

img_7914

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев жиналғандарды жаңа жылмен құттықтап, ақжолтай тілегін жолдады. Тәтті тортын ортаға алдырып өз қолымен кесіп сәбилерге ұсынды.

img_7919

img_7936

Бұдан соң жүргізуші сайқымазақ шырша тойына арнайы шақырылған бүлдіршіндерді ортаға шақырып, би билетіп, ән салдырды, олардың қатысымен «Құбыжық және сұлу қыз» ертегісінің желісі бойынша қойылым сахналанды. Балалардың ду қол шапалақтап, сан қайтара шақыруымен думанды алаңға бұғыларға жегілген шанасымен Аяз ата мен Ақшақар да келіп жетті. Шырша жанындағы шадымен мереке одан әрі жалғасып, келесі кезектерде көңілді эстафета ойындары, би билеу, тақпақ айту сайыстарына ұласты. Балалардың өнеріне көңілі толған Аяз ата қайтасын қайта қапшығына қол салып базарлығы мен тәттілерін үлестіріп жатты. Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектептің биші бүлдіршіндерінің батыл тышқандар мен марғау мысықтардың биі шыршатойдың шырайын келтірді.

img_7975

img_7978

Осылай өрбіген думанды кеш сыйлық тарту ету сәтіне де келіп жетіп, ортаға қошеметпен қайырымдылық шырша иесі аудан әкімі шақырылды. Қайрат Талапұлы бұл шыршатойдың өтуіне демеушілік жасаған «Каспий құбыр концорциумы-Қ» АҚ төрағасы Қайыргелді Қабылдинге үлкен ризашылығын білдіріп, қатысып отырған өкілі, «Бақытты бала» қоғамдық қорының төрайымы Ботагөз Есімсейітқызына Алғыс хатын табыстады. Қамқорлыққа зәру 50 балаға өздерінің қалаулары бойынша қалың қыстық киім немесе планшет және қорап толы тәттілер табыс етілді.

img_8001

img_8006

img_8013

Жанына барша баланы жинаған жыл кейіпкерлері шыршаны айнала балалармен бірге қуанышты сәттерді бөлісіп, ән салып, 2020 жылдың иесі Тышқанды қуанып қарсы алды. Бақытты балалық шақтың ұмытылмас сәттерінің бірі сәби жүректерде осылай жатталып қалды.

img_8016

img_8030

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT