Тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін.
Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында азат күнге жетті. Бұл барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен, халқымыздың бақыты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра,көптеген елдерден әлдеқайда алда. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 30 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді»,-деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды. Қаншама рет туы тігіліп, қаншама рет туы қайта қисайған, қаншама мемлекеттің құрамында болып, қаншама рет мемлекетсіз қалған әрі көне, әрі жас қазақ халқы қайтадан әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде. Алдымызда өзге күндерге ұқсамайтын, елден ерек, жұрттан бөлек аса құдіретті, қадірлі, қасиетті күн «Тәуелсіздік күні» жақындап келе жатыр. Тәуелсіз Қазақстан – 30 жасқа толады. Бұл – мерекелердің мерекесі, ең негізгісі әрі өзектісі. Барша той атаулының басшысы. Біз небәрі 30 жастағы жас мемлекет болсақ та, осы 30 жыл ішінде Азияның жолбарыстары, Еуроодақ елдері, әлемнің дамыған азулы, алпауыт елдері тамсанып, қызыға қарайтындай біраз игі, ізгі істер атқардық. Әрине, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, елімде тәуелсіздіктің туын желбіреткен ел бастаған, ел қостаған, ел қалаған Елбасы Назарбаевтың арқасында мұндай ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік. 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстан жерінде өтті. ЕҚЫҰ-Еуразия құрлығында қауіпсіздік пен өзара түсіністікті қамтамасыз ететін ең ірі аймақтық ұйым. Оның құрамына елу алты ел кіреді. Президентіміз Назарбаев төрағалық еткен болатын. Бұл ұйымның мақсаты – мемлекеттер арасында қарулы қақтығыстарды болдырмау, дағдарыстар мен қауіпсіздіктерге қарсы бірлескен әрекеттерді ұйымдастыру, демократиялық үрдістерді қолдау, қару-жарақтың заңсыз саудасына шек қою, әрбір мемлекет үшін маңызды мәселелерді шешіп отыру. Назарбаевтың саммитке төраға болуы – Қазақстанның беделін арттыра түсті. Сонымен қатар, Астанамызда 7 қысқы Азиада ойындарының өтуі де – үлкен мақтаныш.
Қысқы Азиада ойындарының нәтижесінде Қазақстанның қоржынында отыз екі алтын, жиырма бір күміс және он жеті қола бар. Еліміз бірінші орында, одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Иран тұр. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрешілік етуіміз, Ислам Конференциясы Ұйымын басқаруымыз, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында көрсетіп жатқан белсенділігіміз, Алматы мен Астана қалаларында өткен 7 Қысқы Азиада ойындарының бізде өтіп, біздің жерлестеріміздің жеткен айтулы жетістіктерінің барлығы – біз үшін мақтаныш. Мұның бәрі – бір күндік еңбектің емес, айлап, жылдап тер төккеннің, талмай, тынбай, тек алға қарағанның ғана жемісі деп білемін. Сонымен қатар, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Біздің жеріміз шетсіз, шексіз кең ғана емес, әр елді мекеніміз өзінің қыр сырымен ерекшеленіп, бұл күндері қазба байлығымен дүние жүзінің алдыңғы көшін бастауда вольфрам, хромит, марганецті осындай ұшан-теңіз байлықты біз жастар, игеріп, иемденеміз, игілігімізге жаратамыз, алға басып дамимыз. Еліміздің әлде де дамитынына мен кәміл сенемін. Себебі, біздің тірегіміз, қорғанымыз, алтын ұямыз – Отанымыз бар. Мен қандай өмірге бой түзеп, бағыт алсам да, қандай мамандықты таңдасам да, мейлі қыран құстай биік ұшып, жоғарыдан төмен құласам да, талайлы тағдырдың жазғанына бас иемін, сенің арқаңда, Елім, кең құшағымды жайып, жүгіремін, жеріңде еркелей аунап секіремін, саған ғана сенемін, Ұлы Отаным! Тәуелсіз Қазақстан жайлы ойларымды ақын Нүсіпбек Исахметтің тамаша өлең шумақтарымен аяқтаймын.
Ел болдық, ерік алдық астаналы,
Енді кімнен қазағым жасқанады?
Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
Нұрсұлтанның атымен басталады.
Нұрсұлтан-сүйенерлік, сүйер ұлың,
Әлемдегі қазаққа ие бүгін.
Ендеше 1991-дің желтоқсаны-
Киелі ай, киелі жыл, киелі күн.
Ұлан Иманғалиев, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “Халықаралық экология,инженерия және педагогика ғылымдары академиясының” мүшесі.