Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оның төрағасы Жұмақай Ғұмаров күн тәртібінде бір мәселе – аудан әкімінің 2020 жылдың І жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалатынын қаперледі. Аталмыш хабарлама газетіміздің алдыңғы сандарында жарияланғандықтан, оған тоқталмауды жөн көрдік. Пандемиялық ахуалдың өңірге әсері, ел ішін кезген індетпен күрес қалай жүргізілгені, науқастардың бүгінгі жағдайы туралы мәлімет те әкім есебінен көрініс тапты.
Кеңес мүшелері Мансур Қуанышәлиев жыр болған мәселелердің бірі Нұржау, Манаев мектептеріндегі күрделі жөндеудің қашан аяқталатынына қызығушылық танытса, Сағидолла Кулов өңіріміз ауыл шаруашылығына бейім аймақ болғанымен базардағы ет пен көкөністің бағасы қазіргі маусымдық кезеңде де шарықтап тұрғанын алға тартты.
Аудан басшысы өз сөзінде аталған білім ошақтарында күрделі жөндеу аяқтала келгенін, тек инфраструктурасы қалып тұрғанын, оқу процесіне ешқандай кедергінің жоқтығын жеткізді. Төтенше жағдай кезінде жергілікті өніміміз балық түрлері аудан тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынылғанын, мониторингтік топ мүшелері үнемі сауда орындарына рейдке шығып, кәсіпкерлермен бағаны реттеу бағытында түсінік жұмыстарын жүргізіп келетінін қаперледі. Кеңес мүшелері Оразғали Алғаязов, Есболат Құбашев ауыл шаруашылығына қатысты түйткілді мәселелерді көтерді. Оның ішінде шаруалардың субсидия алудағы қиындықтарын, қысқы мал азығын дайындауда техникалрға қажетті бөлшектердің, жанар-жағар майдың қымбатшылығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, кеңесте облыста тұма табиғатымен ерекшеленген ауданымызда туризмді дамыту бағытында нендей шаралар қолға алынып жатқаны талқыланды.
Кеңес мүшесі Алмажи Өтегенов пандемия уақытында өңірімізде медицина саласында орын алған кейбір олқылықтарды сынға алып, індеттің келесі толқынында бұл қателіктерді жібермеудің шарасын алуды сұрады. Оның бұл пікірін кеңес төрағасы Ж.Ғұмаров та қуаттады.Аудан әкімі Қ.Нұртаев алғашқыда індетпен күресуде денсаулық сақтау саласында кемшіліктер кездескенін, қажетті құрылғылармен қамтуда жетіспеушіліктер болғанын айтып, қазіргі таңда бұл бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Одан әрі кеңес барысында қойылған өзге де сұрақтарға толыққанды жауабын қайтарды.
А.Шакупова