Шаруагерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізілді

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылдық округінің шаруа қожалық иелері әлеуметтік желіде осы ауылда жүріп жатқан Аршын, Байқара арналарын түп тереңдету жұмыстарына қатысты өз наразылықтарын білдірген болатын.

Атап айтқанда, шаруагерлер уақытша салынған бөгеттердің алынып тасталуын, сонымен қатар, канал бойындағы терек түптері жұлынып, жайылымдық жерлер бүлінуде деген негізде бейнежазба таратқан еді. Осыған байланысты аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Асқар Мұфтах, мердігер мекеме «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамының аудандағы өкілі, учаске басшысы Бауыржан Нұрғалиев шаруагерлермен кездесіп, мән-жайды анықтап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі кезде аудан шегіндегі Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту аясында Бөкейхан ауылындағы Байқара каналын түп тереңдету жұмыстары жүруде. Учаске басшысы Бауыржан Нұрғалиевтің канал бойына салынған бөгеттер алынып тасталатынын, бұл құрылыс жұмыстарына уақытша пайдаланылып отырғанын қаперге берді.

Сонымен қатар, ол жоба бойынша арналар тереңдетілген кезде кездескен кедергілер жойылуы керектігін, атап айтқанда, өзек астындағы тамырсыз терек түптері қазылып алынып, шығарылатынын айтты. Жұмыс жоспарына сәйкес, мердігер мекеме Байқара каналын тереңдету жұмыстарын осы жылдың 25 сәуірінде өр суы келуі себепті уақытша тоқтатады. Ал, тамыз-қырқүйек айларында құрылыс жұмыстары қайта жалғасын табады.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Асқар Мұфтах жергілікті шаруагерлердің көтерген мәселелері қараусыз қалмайтынын айтып, мердігер мекеме өкілдеріне нысан басында тереңдету жұмыстары толық аяқталған соң, рекультивациялық жұмыстар, яғни, шыққан топырақтар жазылып, жайылымдық жерлерге зияны тимеуіне аса назар аудару керектігін атап өтті.

Ал, учаске басшысы түпсіз теректің қалдық ағаштары тиісті техникамен жиналып, қазіргі кезде белгіленген жерге жиналуда екенін айтты.

Еске сала кетейік, ауданға қатысты Қиғаш арналарының түбін тереңдету жұмыстары жергілікті атқарушы биліктің жіті бақылауында болады.

Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT