Шамгүл шуақ шашар шақ

(0 Votes)

Қиғаш пен Шора өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасында жыл сайын шілденің соңғы онкүндігінде, тамыз айы бойына лотос гүлдейді. Ерекше тропикалық гүл Қазақстан бойынша тек біздің аймақта ғана өседі.

Ғылыми тілде лотос «нимфея» есімімен белгілі, тұңғиық гүл дегенді білдіреді. Жергілікті қазақтар үлкен жапырақтары су бетіне жайылып, ортасына жарықшам тәрізді гүл бүр жарып шығатын оны «шамгүл» деп те атаған. Әсіресе, оның «аттракцион» аталатын қызғылтым реңкке ие түрі өте сирек кездесетін көрінеді. Сол сиректің өзінің біздің жерде өсуінің өзі құдірет емес пе?! Тазалық пен сұлулықтың символына айналған су өсімдігінің алқабы шамамен бес мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, іргелес жатқанРесейдің Астрахан облысында да өседі.

Шам­гүлдің Каспий маңына қай­­дан келіп, қалай жерсініп кеткені жайында болжамдар көп айтылады. Соның ішінде негізгі нұсқалардың біріне сүйенсек, орыс көпестері Ұлы Жібек жолымен Үндістан мен Қытайға сапары барысында бұрын-соңды көрмеген гүлге тамсанып, тұқымын ала келген-мыс. Экзотикалық гүлдің біздің өлкеге жерсінуінің өзі де таң­ғаларлық құбылыс. Сол табиғаттың таңғажайыбы аяқ жетердегі сұлулыққа сұқтанушыларды өзіне ерекше тартып, көзбен көруге құмартады да тұрады. Бір өкініштісі, құдайдың өзі бере салған тамаша сыйын кәдемізге жарата алмай келеміз. Көршіміз Ресей хош иісті гүлдер алқабын тамашалаушы туристерді көптеп тартып, тым тәуір табыс тауып отыр. Бізде бұл қызмет әлі дұрыс жолға қойылмаған. Қазақстандығы бар, шетелі бар ағылған туристерді лотос алқабына  моторлы қайығы бар жергілікті тұрғындар  жалданып тасымалдайды. Соған жетудің өзі қиынның қиыны, Атыраумен екі ортадағы автомобиль жолының машақаты, судың тартылып таяздалып кетуі де едәуір қолбайлау екенін жасыра алмаймыз. Су бойында да туристердің жайлылығы үшін еш жағдай туғызылмауы сұлулықты тамашалаушылардың біразының тауанын қайтарып тастағандай.

Көпшіліктің көз сұғына іліккен сұлулықты тамашалауға бару Теңіз ауылдық округінен жақынырақ. Аудан орталығынан аттансаңыз біраз уақытыңызды жойып аласыз. Кезінде аудандық кәсіпкерлік бөлімі ауылдың кіреберісіне лотос туралы ақпараттық көрнекілік орнатқанын жақсы білеміз. Дейтұрғанмен табиғатымыздың осындай жауһарын жарнамалау осымен шектелген болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жыл басында лотос фестивалін өткізу жоспарланған болатын. Бұл мақсатта аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен Теңіз ауылдық округі біраз жұмыстанды. – Лотос фестивалін өткізудің жоспары, бағадарламасы жасалып, кететін шығындары нақтыланып, аудандық бюджет есебінен қаржысын да қарастырып қойған болатынбыз. Алайда көктемдегі өр суына байланысты жарияланған төтенше жағдай бұл ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Кейін өткізуге уақыт тығыз-таяң болып, бөлінген қаржыны кері қайтаруға мәжбүр болдық. Негізінен шараны ойлағандай өткізер болсақ ішкі туризмді дамытуға көп көмегі болар еді деген ойдамын. Ауылымыздағы белсенді кәсіпкер азамат «LotosAtyrau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, саяхат бизнесімен айналысуға ниеттеніп жүр. Бұл фестиваль оның да ісінің жүруіне септігін тигізер еді. Жалпы округімізде әуесқой балықшылыққа негізделген бірнеше туристік база бар, - дейді округ әкімі Қайсар Мақсотов.

Қи­ғаш – Еділден шыққан өзен, ұзын­дығы шамамен 100 шақырымға жетеғабыл. Оның саласы Шора өзенін қоса алғанда мұнда өсімдіктердің, құстардың, су жән­діктерінің түрі көп. Орнитологтардың айтуы бойынша «Қызыл кітапқа» енген құс­тардың 36 түрі мекендейді екен. Қарап отырсаңыз, өлкеміз отандық туризмге сұранып тұрған өте көрікті әрі әсем табиғатқа бай мекен. Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соның ішінде экотуризмді қолға алу ауданның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешері сөзсіз.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT