Шалғайдағы Азғырда шешілмеген мәселе көп

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Талғат Жаудин күн тәртібімен таныстырғаннан кейін «Аудан бойынша құрылыс және жол құрылысы саласының сапасы бойынша атқарылған жұмыстар» туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Марат Хасанов хабарлама жасады. Кеңес мүшесі Мансұр Қуанышәлиев Асан, Үштаған ауылдарына қашан су берілетінін, сенімгерлік басқаруға кім алғанын сұрады.

Негізінен осыдан он жыл бұрынғы салынған құбырлардың пайдасыз екендігіне, барлық елді мекенді қамту үшін қысымды сәл көтерсе құбырлардың әр жерінен су атқылайтынына куә болғанын айтып, Қоңыртерек ауылында ауыз су мүлдем жоқтығын жеткізді. Азғырдың клубын салып жатқан құрылысшылар өткен әзірде облыс әкімі келіп кеткеннен кейін ертеңгі күні олар да құрал-жабдықтарын жинап, тас бітіп қалды деген сылтаумен ол жерден тайып тұрғандарына ренішін білдіріп, оларды қайтадан жұмыстарына келтіріп, қатаң қадағалауда ұстауды бөлім басшысына тапсырды. Кеңес мүшесі Рифхат Сұлтанияев Кудряшов ауылына клуб салу неге жоспарға енбегеніне қызығушылық танытып, Байда ауылында құрылысы жүргізіліп жатқан су желісінің жұмысы қашан аяқталатынын сұрады. Кеңес мүшесі Гүлжанат Қалиева шағын ауылдарға 300 орындық мәдениет үйін салудың қажеттілігі жоқтығын, ЖСҚ-ға түзету жаслағанда оны 100 орындыққа өзгерту жөнінде ұсынысымен бөлісті.

- Аудан аумағында 873,7 шақырым жол бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 95, облыстық маңызы бар 330,2, аудандық маңызы бар 186, ауылішілік 262,7 шақырымды құрайды. 2022 жылға аудан көлемінде көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жол құрылысы жалғасатын нысандар: Нұржау (жолдың ұзындығы 10 шақырым, жаяу жүргінші жолы 3,3 шақырым, жоба құны 808,4 млн. теңге), Хиуаз (жолдың ұзындығы 10 шақырым, жаяу жүргінші жолы 4,3 шақырым, жоба құны 1 669,1 млн.), Орлы (жолдың ұзындығы 10 шақырым, жаяу жүргінші жолы 4,7 шақырым, жоба құны 849,4 млн.), Ақкөл (жолдың ұзындығы 10 шақырым, жаяу жүргінші жолы 8 шақырым, жоба құны 976,4 млн.) ауылдарына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту және «Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-Қиғаш» (жолдың ұзындығы 43,5 шақырым, жоба құны 4 720,3 млн.теңге) нысандары бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, - деген аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шынболат Мусинге кеңес мүшесі М.Қуанышәлиев Азғыр бойындағы жолды күтіп ұстау, тегістеу бойынша қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады. Өйткені, аудан орталығынан Асан ауылына дейінгі жолдың жайы сын көтермейтінін, ретке келтіру жұмыстары мүлдем жүргізілмейтінін алға тартты. Өткен жылдары ауданға берілген, тіпті жүріп жарымаған су жаңа «Урал» автокөлігі қайда екенін сұрап, қыр бойымен қатынасқа сол таптырмас техника болып табылатынын жеткізді. Жол әзірге салынбайтыны белгілі, 7500 тұрғыны бар азғырлықтарға көлік қатынасын қашан ұйымдастырасыздар? Такси бағасы күннен-күнге қымбаттауда. Қазір таксисттер Құрманғазыға барып келу үшін әр адамнан 12000 теңге алады, - деп халықтың жанайқайын ашына айтты.

«Аудандағы шаруа қожалықтарының және ауылшаруашылық құрылымдарының шабындық және жайылым жерлерді пайдалануы туралы» аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Мұфтах хабарламасын ұсынды. Кеңес мүшесі М.Қуанышәлиев:  - Мемлекетке қайтарылған 34 га жер учаскесінің ішіне В.Розметовтың жері кіре ме? Азғыр өңірінің тұрғындары қазіргі таңда жайылымдық жерге зәру. Малмен күнін көріп отырған халық төрт түлігін қайда жаярын білмейді. Бүкіл жердің бәрі В.Розметовтың иелігінде. Игерілмеген жері неге қайтарылмайды? – деген сауалдарын қойды. Өз жауабында А.Мұфтах игерілмеген жерлерді қайтару жөнінде облыстық комиссия құрылатынын, содан кейін ол зерделеніп, мемлекетке қайтару жөнінде ұсыныс енгізілетінін айтты. «Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы талаптарына сәйкес аудан бойынша жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының орындалысы» жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еділ Баяров баяндады. Кеңес мүшесі Р.Сұлтанияев жылыту маусымына дайындық бойынша сұрағын алға тартса, М.Қуанышәлиев шатыры ұшып кеткен Балқұдық жалпы орта мектебіне жөндеу жұмыстары қалай жүргізілетінін, есепшілердің еңбекақысына неліктен 25 пайыз үстеме қосылмайтынын сұрады. Хабарламашы кеңес мүшелерінің көтерген мәселелеріне өзінің нақты жауабын қайтарды.

Айнагүл Шакупова        

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT