Шалғай ауылда заманауи асхана

(2 Votes)

Азғыр ауылдық округінің орталығы Балқұдық ауылында 100 орындық заманауи асхананың құрылысы жүріп жатқанын бұған дейінгі сапарларымыз барысында жазғанбыз. Асхана құрылысымен жеке кәсіпкер Салауат Мырзағалиев айналысты.

300 шақырымға жуық шалғайда жатқан, соқпа жолдарын құм басқан ауылға құрылыс материалдарын жеткізу оңайға түспегені анық. Көп кәсіпкерлер бұған бел байлай алмайды. Алайда, «Шешінген судан тайынбас» дегендей, алған бетінен қайтпайтын қайсар азамат кездескен қиындықтармен текетіресе жүріп «Нар жолында жүк қалмайтынын» ісімен дәлелдеді. Нәтижесінде кәсіпкердің туған жеріне деген сүйіспеншілігінің белгісіндей болып, барлық жағынан алғанда еуропалық стандарттардан кем түспейтін зәулім асхана бой көтерді. Асхананың ашылу рәсімінде аудан әкімі Қайрат Нұртаев, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Жәбелов сөйлеп, ризашылықтарын білдірді. Жеке кәсіпкер Салауат Мырзағалиев:

– Осындай асхана ауданымызда бірінші рет салынып отырғанына және оның құрылысымен айналысу бізге бұйырғанына ризамыз. Қолымыздан келгенше сіздердің көңілдеріңізден шығуға тырыстық. Жасыратыны жоқ, жобаға кірмей қалған жұмыстарды да өз күшімізбен атқаруға тура келді. Сметалық құжатта қаралмаса да таза суға құдық салып, ішіне су ысытатын насос та орнаттық. Шәкірт тәрбиесіндегі жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Осындай жақсылықтар көп болып, ауданымыз көркейіп, гүлдене берсін, - деп символикалық кілтті мектеп директоры Ғазиз Сәрсеновке тапсырды.

19c014ba-0fad-401b-bffd-e3e9131ca05b

cfd0e89f-cb11-4313-806b-a0e4d8664c60

Округ әкімі Жасұлан Жаманқұлов пен мектеп директоры өз аттарынан кәсіпкерге алғыс хаттарын табыстады. Биші қыздар мың бұралып «Қазақ биін» орындады. Жаңа асхана алдына керілген лентаны аудан әкімі Қайрат Талапұлы мен округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Жәбелов қиды. Келгеннен-ақ бізді жылы қарсылап: «Жақсы етіп жазыңдаршы. Азғыр да өркениет игілігінен тыс қалмағанын, бізге газ бен ауыз су, интернет желісі келіп, енді міне заманауи асхана ашылып жатқанын басқалар білсін. Мүмкін ауылымыздан көшіп кеткендер қайта оралар», деп асхананың ашылғанына қуанып жүрген мектеп директоры Ғазиз Сәрсеновпен әңгіме өрбіткенімізде:

– Бізде 1 және 11 сыныпта 278, мектеп алды дайындық сыныбында 16 оқушы, 40 ұстаз бар. Ұстаздарымыздың бәрі жоғары санатты. 1 мен 4 сыныптар 2 аусыммен оқиды. Оларға 16 мұғалім сабақ беруде. Сақтық шараларының барлық талаптары сақталуда. Бүгін осындай заманауи асханаға қолымыз жеткені біз үшін үлкен мереке. Мұны Мемлекет басшысының қолдауымен білім саласында жасалып жатқан игі істердің бірі деп түсінеміз. Қазір Балқұдық орта мектебінде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Ішкі әжетханалар салынып, газге қосылып, бәрі де жаңа жабдықтармен жаңарып болды. Оқушыларға қалып тұрғаны сабағын беске оқу. Осы жұмысты үнемі назарында ұстап, арнайы келіп асханамызды ашып беріп жатқан аудан әкімі Қайрат Талапұлы бастаған басшылық қызметте жүрген азаматтарға ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар атынан ризашылығымызды білдіреміз. Білім сапасы қазір бізде 52 пайыз. Мұғалімдеріміздің бәрі жоғары санатты. Зертеушіміз, 293 оқушымыз бар. Бүгінде бізге алаңдамай жұмыс жасауға болады, - деді.

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT