Көрісу күнінен бастау алып Наурыз мерекесіне жалғасатын мерекелік іс-шаралар аясында спорттық жарыстар да бар. Соның бірі ретінде Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз қарсаңында Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде студенттер арасында өткен шахмат турнирін атауға болады. Үлкен деңгейде өткен жарысқа қатысқан студенттер ойынның бұл түрінен құр алақан қалмады.
Бірнеше сағатқа созылып, жас спортшылардың өз өнерін көрсетуіне мүмкіндік туғызған турнир мәресіне жетті. Жеңімпаздарға құрмет көрсетіліп, колледж директоры Болатбек Өтегенов өз қолымен арнайы диплом, медаль және естелік сыйлықтар табыс етті.
Турнир қорытындысымен Қайырғали Алтынбек – алтын, Орынбекқызы Әсем– күміс, Ғаділбеков Заманбек пен Байғанин Алтынбек қола медаль иеленді. Бұл жарысты ұйымдастырған шахмат және дойбы үйірмесінің жаттықтырушысы Ернар Қаражанов. Спорттық ойындар осымен шектеліп қалмайды. Алдағы күндерде Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде дойбыдан және шахматтан облыстық ашық турнирлер өткізу жоспарлануда.
Айнагүл Күнұзаққызы