Шахматтан өткен дәстүрлі дода

(0 Votes)

Шахмат – сезіну, шапшаңдық, шыдамдылық сияқты қасиеттерді талап ететін және аналитикалық, логикалық ойлау қабілетінің дамуына зор ықпал ететін кең тараған спорттың бір түрі.

Адам баласының дүние танымын кеңейтуге, ой өрісін жетілдіруге, білім сауаттылығын арттыруға көп септігін тигізетіні белгілі. Ойшылдардың ойыны біздің ауданымызда жақсы дамыған, шахматшыларымыз түрлі жарыста үздік шығып келеді. Жақында аудандық орталықтандырылған кітапханада жас шахматшылар арасында Еңбекші жалпы орта мектебінің негізін қалаған алғашқы директоры, «Қазақ КССР білім беру ісінің үздігі» Теміржан Жүгінісов атындағы дәстүрлі шахмат турнирі биыл 14-ші рет ұйымдастырылды.

Шеберлік пен шыдамдылықты қажет ететін интеллектуалдық ойынға Абай, Әуезов, Бегәлиев, Ломоносов, Ғ.Мүсірепов, Гагарин атындағы және Ақкөл жалпы орта мектептерінің, «Балалар – елдің болашағы» шахмат орталығының, жас шахматшылар клубының, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің және Жүгінісовтер ұрпақтарының командалары қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында Теміржан ағаның замандасы Қадірбай Жармұханбетов, мемлекеттік қызметтің ардагері Қамат Ғаббасов, Еңбекші жалпы орта мектебінің директоры міндетін атқарушы Айбек Өтепов құрмет иесінің білім беру саласына сіңірген айтулы еңбегін атап өтіп, жарысты үзбей ұйымдастырып келе жатқан ұрпақтарына зор ризашылығын жеткізді. Ағаның жұбайы Қоңыр әже, үлкен ұлы Қанат сөз алып, балғын шахматшыларға сәттілік тіледі. Немересі, жеке кәсіпкер Мерей Теміржанов турнирді өткізуге мұрындық болғандарды марапаттады.

Шаршы тақта шеберлік сынасқан турнирдің нәтижесінде қыздар арасында бірінші орынды Динара Амангелді (шахмат орталығы) жеңіп алса, Хадиша Берікқызы (Абай), Ақбота Нұртаева (Гагарин) екінші-үшінші орындарды бөлісті. Төртінші орынға тұрақтаған Несібелі Батырбекқызы (Ломоносов) «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына ие болды. Ұлдар арасында Ерасыл Сергейұлы (шахмат орталығы) жеңімпаз атанса, Абдрахман Бақтыбек (Гагарин), Айдын Бекетов (Ломоносов) жеңіс тұғырының екінші-үшінші сатыларынан көрінді. «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясына Жантілек Жеткіншеков (Ғ.Мүсірепов) ие болды.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі қолдау көрсеткен дәстүрлі шахмат турнирінің жеңімпаздар мен жүлдегерлеріне диплом, медальдар табысталды. Теміржан ағамыздың әулеті атынан ұлы Қанат барлық қатысушыларға естелік сыйлықтарын ұсынды.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT