Биылғы жылы өр суы өткен жылдарға қарағанда көп мөлшерде келіп, жайылмадағы су бүгінгі күнге дейін кері қайтпай отыр.
Қазіргі уақытта сан мыңдаған шабақтар осында өмір сүруде. Күннің ыстығынан кей жерлер шағын көлшіктерге айналып, ересек балығы арнаға өткенімен шабақтары қырылу қаупінде тұр. Сондықтан балық шаруашылығы субъектілері ондағы шабақтарды сүзіп алып, Қиғаш өзені мен оның сағаларының суы терең жерлеріне жіберуді қолға алды. Мұндай балық құтқару жұмыстары өр суы кезінде де атқарылған болатын.
Қиғаш-Ақкөл автокөлік жолына салынған су өткізу шлюзі уылдырық шашуға шыққан балықтардың кептелісі орын алып, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Құрманғазы инспекциясы бөлімінің жетекшілігімен «Тілекші» ЖШС, «Ш.Сүлейменов» ШҚ ұжымдары «Қиғаш» бас су сорғы стансасымен бөлінген техникалардың көмегімен жағдай реттелді.
Өткен жылдарда мектептерден шабақ құтқару бригадалары көмекке келетін еді. Қазіргі кезеңде коронавирустық індетке байланысты бұл үрдісті жалғастыру мүмкін емес. Тек табиғат пайдаланушылардың өз күштерімен ғана атқарылатын болады.
Р.СӘЛІМҒАЛИ,
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Құрманғазы инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы