Шілде айына дейін өзендегі шабақтарды құтқаруға мүмкіндік болмай тұр. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының аудандық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Қаратекеев өз баяндамасында мәлімдеді. Өйткені, қазіргі таңда суды тіршілік еткен балық дернәсілі өте ұсақ болуына байланысты сүзгіге ілінбейді екен.
Сондықтан келесі айға дейін төмен түскен су жолдарын шөптерден арылту жұмыстарын жүргізіп, қорғау жұмыстарын бастаймыз дейді аудан әкімдігінің үлкен залында өткен қоғамдық кеңес отырысында. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиевтың тізгінімен өткен ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін нығайту және пайдалану туралы» Заңының 10 бабы 2 тармағы 5-1 тармақшасының, яғни, жануарларға ауырып қалған, бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында олардың қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырудың аудан бойынша орындалысы туралы жиынға барлық округі әкімдері, бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде жаппай балық қырылуының алдын алу мәселесі қаралды. Аудандық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Наурызбайұлы өз сөзінде, өр суының деңгейі күрт төмендегенін қаперге берді. Сонымен қатар, аталған жұмыстарға табиғат пайдаланушы өкілдері тартылмағанын алға тартты.
– Ағымдағы жылдың 15 наурызында аудан әкімі Марат Бисенғалиұлының шешімімен су маржандары жойылуын болдырмас үшін жұмыс тобы құрылды. Бірақ, тізімде балықты қорғаушылар бар да, несібесін көріп отырғандар жоқ. Соған сәйкес, аталған шешімге өзгерістер енгізіп, аудан көлемінде еңбек етіп жүрген 6 табиғат пайдаланушылардың басшысы мен округ әкімдерін қосу керек деп есептеймін. Сол себептен, Қиғаш, Дыңғызыл, Шортанбайда «Амангелді атындағы» ӨК, Байда, Кудряшов, Сафонда «Каспий таңы» ӨК, Бірлік, Теңіз, Құрманғазыда «Каспий-Балық» ӨК, Алға, Еңбекші, Жаңаталап, Ақкөлде «Тілекші» және «Шәмші Сүлейменов» ӨК, Орлы, Нұржауда «Сәрсенбаев» ЖШС жүргізсе деген ұсынысымыз бар,-деп, өткен жылы аталған органдар мен Қиғаш, Жаңаталап, Нұржау ауылдық округінің азаматтық қызметшілерінің көмегімен 49 млн 575 мың шабақ құтқарылғанын, бірақ, биыл оларды жинау үшін бюджеттен қаржы қарастырылмағанын алға тартты. – Енді бір мәселе, округ әкімдері мұндай қызметке ешқандай қаражат қарастырмады. Сондықтан, керекті құралдарды алу үшін және маусымдық жұмысшылардың еңбекақысын төлеу үшін ауыл әкімдері немесе дербес бөлім басшылары бюджеттік өтінім беру керек деп есептейміз,-дейді Нұрболат Қаратекеев.
Осылайша, уақыт оздырмай, балық қырылуды болдырмас үшін қолда бар саймандарды пайдалануды ұсынды. Оған қоса, «Құрманғазы-Бірлік» тас жолын жөндеп жатқан «Бекет-Сәт-Жол» ЖШС мекемесіне жол жиегіндегі топырақты көтерген кезде күрелген аумақтардағы өр суы шабақпен толғанын, соған сәйкес, олардың кері өтуіне жағдай жасауды, «Атырау-Астрахань» тас жолына жауапты «Атырау жолдары» ЖШС-на құрылыс барысында көпір ыңғайсыз салынғанын, астынан су өтетіндей, балық еркін жүзетіндей етіп қайта жөндеу қажеттігін қаперге берді.
Ал, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах болса, балық инспекциясы мен табиғат пайдаланушылар апта сайын атқарған жұмысы, ауланған балық көлемі туралы мәліметті уақытылы бермейтіндігіне, оны бөлімдегілер үздіксіз хабарласып әрең алатынына налиды. Жауапкершілікті сезініп, жұмыста да бір жеңнен қол шығаруға шақырды. Кейін, аталған заң аясыдағы жұмыстарды ұйымдастыру атқарушы билікке тапсырылғанын, мұнымен ауыл әкімдері айналысу қажеттігін тілге тиек етті.
- Заңға сүйенсек, шабақ құтқару жұмыстары үшін бюджеттен ақша бөлінуі керек. Оны қалай, қайда жұмсайтынын анықтап көруіміз тиіс. Сонымен қатар, бізде шабақ құтқарылатын 125 су айдындары бар. Мұны әрбір округтің жері бойынша анықтап, тиістісіне төлқұжат жасатуымыз қажет,-дейді ауылшаруашылық бөлімінің басшысы. Бүгінгі таңда, су айдындарынын бөлек қалдық сулардың да пайда болып жатқанын назарға берді. Оны тас жол құрылысына жауапты мекеменің қолдан жасаған олықылығымен түсіндіріп, оңалу болмаса айыппұл күтіп тұрғанын хабарлады. - Қазір тас жолдарды жөндеп жатқан «Атырау жолдары» мекемесіне, облыстық құрылыс басқармасына да хат жаздық. Негізі құрылыс кезінде салынған көпірлердің астын дұрыс тазаламадыңыздар. Соны мұқият қараңыздар. Соның ішінде, Бірлікке дейінгі жолға жауапты «Бекет-Сәт-Жол» мекемесі. Мәселен, балдың бойындағы қалдық суды да қалдырған сіздерсіздер. Технологиямен дұрыс жұмыс істемегеннің кесірінен солай болып отыр. Топырақтарды керекке жаратқан соң, орынын тегістеулеріңіз керек. Бірақ, сіздің тараптан ондай жұмыс көрінген жоқ. Осының салдарынан, су жиналған жерге шабақ келді, бірақ олар кері қайта алмайды. Нұрлыбек Наурызбайұлы, айыппұл салатын кісілеріңіз - осы. Ескертуді айта-айта жаржақ болдық. Су қайтып жатқан себепті, айтылған жұмыстарды қолға алыңыздар тезірек. Жол салынып, көпірі де сай болғаны жақсы, бірақ, тіршілік көзі де үзілмесе екен,-дейді Асқар Мұфтах.
Баяндама тыңдалған соң, Нұрлыбек Ғаділханұлы жауапты орындарға тапсырма беріп, көршілес аудандарда ұқсас жұмыстар қалай оздырылып жатқаны туралы анықтап білеміз деді. Жиын барысында ұсынылған ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, жол салған кезде бітелген шабақ жолдарын, көпірлердің астарын тазарту назардан тыс қалмауын тапсырды.
Жайдарлым Қайреден