Аудан орталығына шығыс жақтан кіріп келе жатқанда көк күмбезін күн сүйген «Темірәлі» мұсылмандар мешіті қарсы алып жақсы әсер сыйлайды.
Екі жолдың қиылысында оңтайлы орын тепкен Алла үйінің алдындағы мүйіске ана бір жылдары тал-теректер егілгені белгілі. Күнге таласқан ақ қайыңдар әп-әдемі өсіп келе жатып, белгісіз себептермен солып сала бергені қандай өкінішті еді. Көңілге кірбің ұялатар осы бір көріністі түзетудің амалы жақында қолға алынды.
Ауданымыздың «Октябрьское» мұнай кен орнын игеріп жатқан «Светланд-Ойл» ЖШС бас директоры Жеңіс Әбілхарес қабылдауында болғанында аудан әкімі Марат Мурзиев ауылға кіреберіске шағын саябақ салуды өтініш етті. Бұған дейін де Исатай, Құрманғазы аудандарына демеушілігін танытып жүрген мұнай өндіру компаниясы басшысы бұл бұйымтайды қуана құп алды. Өйткені Тәуелсіздіктің төл құрдасы өздерінің 30 жылдық торқалы тойына орай аудан үшін игілікті іс қылуды ойластырып жүрген болатын.
Құрманғазы ауылдық округі әкімі Абдуррахман Мусаның ұйымдастыруымен қажетті құрылыс материалдары алынып, жасалатын абаттандыру жұмыстары нақтыланды. Іргелей отырғызылған көк талдар күтімге алынып, алдағы уақытта басқа да көпжылдық өсімдіктер егілетін болады. Жарықшамдар орнатылып, отырғыштар қойылады. Қазіргі уақытта «Құрманғазы жолдары» ЖШС жұмысшылары Аманбай Жакупов, Қайыржан Мусин, Қуаныш Мәмбетов, Асқар Әбілхан түрлі-түсті төсеме тас төсеуге кірісіп кетті.
А.НӘЖІМОВ