Шағын ауылдағы шалқар қуаныш

(0 Votes)

Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах Ұлыстың ұлы күнін орталықтан шалғай жатқан Қамыс зауыты ауылында атап өтуді жөн санапты. Іргелес Алтыншы, Каспий елді мекендерін қосқанда жетпістің үстінде үй бар. Тұрғындары негізінен малмен отырғандар. Былтыр мұнда балалардың ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Қазақы оюмен көз тартатын ақ шаңқан киіз үй маңында ұлттық киім киген округ мамандары мен мәдениет үйінің қызметкерлері келушілерге наурыз көже мен сары бауырсақтар ұсынды.

Отамалы келіп, аспан тұнжырап, табиғаттың қабағы салқын тартып тұрғанымен елдің көңілі көтеріңкі. Себебі, бұл жылда бір келетін ұлық мереке. Алға қарай күн ұзарып, мал мен жанға жылылық сыйлар шуақты сәттер көбейетінін білетін халық бір-бірімен құшақтаса көрісіп, амандасып хал-жайларын сұрап жатыр.

Солардың бірі Нұрман Әубәкеров бізбен әңгімесінде:- Он екі жылдан бері осы ауылмен құдандалымын. Қыдырыстап, көрісуге келіп ауылыма қайтқалы жатқанмын, мынадай шараның үстінен шыққан соң қатысқанды жөн санадым. Шағын ауыл ғой демей, мерекелік шара ұйымдастырып жатқан округ әкіміне үлкен рахмет! Басшының қызметі халықтың қамын ойлаумен көрінеді ғой, – деді.

«Еліме бақ дарыта гөр, әз-Наурыз» атты салтанатты шараны ауданымызға танымал өнерпаз Нұрхат Бралин жүргізді. Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах: - Наурыз күн мен түннің теңелетін, Жер-ананың босаңситын, қатал қыстан аман шыққан малдың аузы көкке тиіп, дастарханымыз аққа толатын, жан-жақтан келген адамдардың бір-бірімен көрісіп, қауышатын сәті, ұлттық мейрамымыз. Оны бүгін алғаш рет сіздердің орталарыңызда ұйымдастырып отырмыз. Алға қарай да бұл алаңда түрлі шаралар өткізбек ойдамыз. Биыл бір жақ шетінен сахна салып, жарық тартып, терек егуді жоспарладық. Сіздердің көңілдеріңізден шығу мақсатында мұнда мәдени шаралар ұйымдастырылатын болады. Әрине, оған ауылдың жастары мен бата берер ақылгөй ақсақалдары да атсалысады деген үміттеміз. Нәзи бастаған азаматтарға киіз үй тігіп, қызмет көрсетіп жатқаны үшін ризашылығымды білдіремін, - деп ауыл тұрғындарының отбастарына амандық, береке-бірлік тіледі.

Орлы ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Хилауов: - Ұлыстың ұлы күніне жеткен баршамыздың үрім-бұтағымыз, бастарымыз өскей. Ұрпақтарымыз саналы азаматтар болып жетіліп, солардың қызығын көрейік. Жастарымыз үлкендердің жолын жалғап, тәрбие мектебінен өтуі үшін бұл шара оларға үлкен үлгі-өнеге. Ел келешегі сіздерсіздер! Өрісіміз малға толғай, еліміз тыныш болғай. Тек жақсылықта, бақытты күндерде кездесейік, - деді.

Ауыл тұрғындары атынан зейнеткер Қарабай Гаухаров сөйлеп: - Әз-Наурызды бізбен бірге тойлап жатырсыздар. Бұрын бұл мереке округ орталығында ғана өткізілетін. Жақсы бастама жалғасын тапсын. Келіп жатқан Ит жылы бәріміз үшін құтты болсын! - деп шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Әрине, Ұлыстың ұлы күні ән-күйсіз өтпесі анық. Орлы ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Н.Манаев орта мектебінің оқушылары мерекелік сазды бағдарлама әзірлепті. Динара Ерланқызы, Бауыржан Рахимов, Әсел Қапизова, Қадыржан Хасанов, Ербол Зұлхарнаев және басқалары орындаған әсем әндер мен күмбірлеген күйлер шараның шырайын кіргізіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT