Ертегідей... ерте семдің, ерте өлдің,
Хат-хат сырды енді кімге шертермін.
Үш тал шашың арасынан шығыпты,
Бізді өсірген өзіміздің «Серпердің».
Елшілікте едің онда Бішкекте,
М.Шаханов ағаң болды бірге істес.
Ш.Айтматов академиясы мүше қып,
Барша Қырғыз бөлеген кез құрметке.
Бауырларда сен дәуірлеп ұша алдың,
Кісілігіне ағайынның тұсалдың.
«Абай-сотың» маусым ашты сол елде,
Айтуымен Шыңғыс дана – Шықаңның.
Нөмір арнап соны жаздық «Серперге»,
Жан досым-ау, емес едің кез-келген.
Сол «Серперді» салып едім Бішкекке,
Жүрген кезің қанатыңды кең сермеп.
Құдіретіңе мойын бұрса аз есті,
Сәуле айтады бұл ықылас мәз етті.
Үш тал шашың арасында кетіпті,
Қайта-қайта оқып жапсаң газетті.
Еске алғанда өзің өткен жол жетер,
Мұратты жан сор мен бақты мол кешер.
Өздеріңмен ұзақ жылдар бір болып,
Бірге көшіп, бірге қонған сол «Серпер».
Қазынаңмен бірге ұзақ тұрыпты,
Зерделеумен Сәулең ашса құлыпты.
Сол «Серперді» айқара ашып қараса,
Жарқ-жұрқ етіп үш тал шашың шығыпты.
Бұл дүниядан кімнің өтпес дәурені,
Құлақ қойдым сөзіне мен Сәуленің.
«Бір тал шаш» деп өлең жазған Жұмекен,
Редактордан көрген біраз әурені.
Кей пасықтың ери қоймас алды мұз,
Қайдан сайрап жүре берсін барлық із.
Ондай өлең болмайды, деп кітабына,
«Бір тал шашты» қоспай қойған «әлгіміз».
Ойлы ақынның мүлде көңілі қалды да,
Былай еткен тосын іске барды да:
Бір тал шашын жұлып алып басынан,
«Міне, осы», деп қойған екен алдына...
Сосын өзі шығып кеткен үндемей,
Жазған ақын күндіз демей, түн демей.
Ұлылардың әр қылығы ерекше,
Арты қалса Сәуле-жардай іздегей.
Біз айтпасақ, бұл бір сырды кім айтар,
Жаныңды езіп тұңғиықта мұңайтар.
Үш тал шаштың бірін маған қи Сәуле,
Өле-өлгенше өтінішім бұл айтар.
Таңатар Дәрелұлы