Үш кітаптың таныстырылымы өтті

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан журналистикасының қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелұлының «Ағатай» баспасынан шыққан «Алты Алашым, ардағым» (2021), «Тебіренсе теңіз...» (2022) және зайыбы, ардагер ұстаз, «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Зоя Қоңқашқызының «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан жарық көрген  «Алыстап кеткен асылдар» (2022) кітаптарының тұсаукесер шарасы өтті.

Аталған шараға оқырмандармен қатар ауданның қалам ұстаған ақын-жазушылары түгелдей қатысты.

kitap-krermen

Кеш кейіпкерлері қошеметпен ортаға шақырылғаннан кейін, алғашқы құттықтау сөз берілген Қазақстан Журналистер одағы аудандық филиалының төрағасы, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиұлы сөйлеп, Таңатар Дәрелұлының шығармашылығы, адами болмысы туралы мағыналы сөз қозғап: – Егер маған «Кемел адамға  кімді санайсың?», деп сұрақ қойса, бірінші Таңатарды айтар едім. Мен оның бойынан бірінші кемел адамның мінезін, екінші адамгершілігін, үшінші әділеттілігін, төртінші ізгілігін көрдім. Бойынан осы төрт қасиет табылмаған адам кемел бола алмайды. Таңатар аман-сау алысқанда іш-бауырыңды елжіретіп жібереді ғой. Тұла бойың еріп, осы кісімен сөйлескеннен бір ғанибет алып қаласың. Адамды тани, қабылдай біледі. Ешкімнің бетіне жел болып келмейді. Оның көзі тек жақсылықты көруге арналған. Ізгілік деген адамды жұмысына, жасына, пошымына қарамай қабылдау білу ғой. Содан мен бұл кісіні кемел адам деп санаймын. Зояның да сөйлесе қалсаң сөз саптауы бөлек. Қоңқаш ағамызбен фермада жұмыстас болған уақыттарда екеуіміз тіл табысып кеттік,– дей келе Зоя Қоңқашқызының тырнақ алды туындысына сәттілік тілеп, жарасымды жұп бола беріңдер деген ізгі тілегін жеткізді.

sh-kitapty-tsauy-kesildi1

Экраннан Таңатар Дәрелұлының шығармашылығы мен өмірінен көрініс берген бейнесюжет тамашаланды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин кеш кейіпкерінің «Алты Алашым, ардағым» (2021), «Тебіренсе теңіз...» атты кітаптарына шолу жасады. Әр туындысына жеке тоқталып, ақ пен қараның бітіспес күресін әдемі шумақтармен  бейнелеп, санада терең ой тұндыратынын, оңаша қалғанда жан тебірентер шумақтар барын айтты. Көлемі де, айтары да қомақты кітапты оқығандар өкінбейтініне тоқталды. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова Зоя Есқалиеваның «Алыстап кеткен асылдар» атты кітабына жасаған шолуында ондағы естеліктерде ата мен әже бейнесі, Есқали мен Самиғадан тараған ұрпақтар, Әзидолла Есқалиев бейнелері тамаша сомдалғанын жеткізді. Дәрел ата мен Қанағат ененің де тапқырлығы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы әсерлі баяндалғанын, автор айтсам деген ойларын шынайы көрсете алғанын тілге тиек етті.

Шолу аяқталғаннан кейін «Алты Алашым, ардағым», «Тебіренсе теңіз...», «Алыстап кеткен асылдар» атты кітаптардың тұсауын кесу үшін ортаға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлығайын Нұғыманов, кеш кейіпкерлерінің ағайындары Сәрсенбай Айталиев, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев,З.Қоңқашқызының інісі Темірболат Әліпұлы шақырылды.

Ақын Нұрлығайын Нұғыманов Т.Дәрелұлының шығармашылығымен бұрыннан таныс екенін, қай кітабын да оқырмандары қалап оқитынын қаперге берді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров Таңатар ағамыздың жасынан жырға бейім болғанын, 25 жыл аудандық газетті басқарған жалғыз адам екенін айтып, З.Қоңқашқызының кітабы бүкіл өткенді көз алдына әкеліп бергенін алға тартты. Ел үшін орындарың бөлек қос арыс шарықтай беріңдер деген ақ тілегін арнады. Сонымен қатар, сөйлеушілер өз тараптарынан сый-сияпаттарын жасады.

Айтыскер ақын Мүтиғолла Ғани бәрін тіке айтатындықтан басшыларға жақпай қалып жүрген кездерін еске алып: – Таңатар аға сонда мені қолдады. Мінезі өте мықты, әділ адам. Талай рет республикалық, облыстық айтыстардан жүлде алып келгенімде сол кездегі әкім қабылдауына кіре алмадым. Сын айтқанды кім жақсы көреді. Сонда мені газетіне мақтап шығарып жіберіп сөз де естіді. Осы Таңатар ағамыздың қолдауы маған жігер беріп, Орал, Ақтөбе қалаларында болған айтыстарға да қатысатын дәрежеге жеттім. Сіз газетке жазбағанда өшіп қалуымыз да мүмкін еді, – деп ағынан жарылып, сыйлы ағасына шапан жапты.

Шара барысында аудан өнерпаздары Гүлзада Жұмалиева, Ерболат Сұлтанов Т.Дәрелұлының әндерін орындады. Кеш кейіпкерлері Таңатар Дәрелұлы мен Зоя Қоңқашқызы сөйлеп, көрсетіліп жатырған құрмет үшін ризашылықтарын білдірді. Жаңа кітаптардың тұсаукесерін аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина қорытындылап, кеш иелеріне естелік сыйлықтарын табыстады.

sh-kitapty-tsauy-kesildi2

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT