«Серпер» газеті –халықпен бірге жасасып, елдің тұрмыс-тіршілігі мен мемлекетіміздің дамуын қаз-қалпында көрсетіп келе жатқан бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылым.
Міне, 90 жылдық толағай тойын атап өткелі отырған газет осы уақыт аралығында әр үй, әр мекемеге жаңалықтар, хабарлар, әрине жетістік-кемшіліктерін де тынбай жарнамалап жеткізіп келеді. Аудан мерзімдік басылымдарға жазылудан облыс көшін бастап тұр. Ол әрине қуанарлық жағдай. Қазіргі кезде 6 мыңның үстінде данамен оқырмандарымызға жетіп келеміз. Бұл шаманың тұрақты ұсталуын газеттің бұрынғы редакторы, ардагер журналист Таңатар Дәрелұлы қамтамасыз етті. Аталмыш көрсеткіш халқының санына қарай жыл сайын облыстық әкімдік арқылы белгіленеді. Оны аудан әкімдігі тұрғындарының санын, мекеме-ұжымдардағы қызметкерлерін түгендей келе «мына шамада жазылсаңыз жеткілікті» деп ауданның 19 округтеріне, мекеме, ұжымдарына бөледі.
Ал, оны насихаттау, газетке жазылуды еске салу аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, «Серпер» газеті редакция ұжымының, көзі ашық, көкірегі ояу жанашыр оқырмандарымыздың төл міндеті. Міне, дәстүрге сай 2020 жылдың ІІ жартыжылдығына да жазылу басталды.
Қазіргі таңда елдің мамыражай тірлігіне іріткі салған індетке байланысты төтенше жағдай жарияланып, карантин режимінің енгізілуіне орай көпшілік үйден шыға алмай, ал мекемелер қашықтан жұмыс жасауға көшті. Компьютер мен ғаламторлық басқа да заманауи құрылғылармен қаруланған журналистер бұрынғы дағдысына сай ақпарат айдынында еркін жүзіп, ауданның ғана емес, елдің, тіпті әлемнің жаңалықтарын да қас пен көздің арасында оқырманға жеткізуде. Өңірдің де толғақты мәселелерін көтеру олардың назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Өткен ХХ ғасырда небір нәубет замандарды бастан өткеріп, мың өліп, мың тірілген қазағымыз елімізге келген бұл сынақты да ауызбіршілікпен жеңеді деген ойдамыз. Алдағы күндері қалыпты өмірімізге оралатынымызға бек сене отырып, жаңалықтың жаршысы атанған ауданның төл басылымына жазылуда сіздердің қолдауларыңызды күтеміз.
Қойнауы құтты ауданымыздың тарихымен бірге жасасып, өлкеміздің өткені мен бүгініне куә болып, қалың оқырманының жүрегіне жол тауып келе жатқан «Серпер»газетіне жазылыңыз, ағайын!Негізгі сүйенер тірегіміз ауылдық округ әкімдері, мектептер, дәрігерлер қауымы, құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызметкерлер де аудан айнасының рухани пәрменді құрал екендігін жете түсініп, саналылық танытатынына шанымдымыз. Өйткені, мемлекеттік саясатты насихаттап отырған басылымға түрлі сала басшылары тарапынан «мақаламыз осы нөмірге жариялану керек еді» осыған ықпал етсеңіз деген өтініштер жиі түседі. Біз әрине, олардың қай-қайсысының тілектерін аяқ асты қалдырған емеспіз. Сондықтан, мемлекеттік мекеме ұжымдары дәстүрге сай ауданның төл газетіне жазылатындарына күмәнданбаймыз.
«Серперді» қолдаушылардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келетініне қуаныштымыз. Жағдайы төмен отбасыларды, мүгедектер мен ардагерлерді өз қалталарынан жаздыртатын атымтай жомарт кәсіпкерлер әр ауылдық округте бар. Олардың басында Бержан Кенжебаев, Нұрлан Құсайынов, Еркінбек Халенов, Есболат Құбашев, Ақылбек Қайсағалиев, Мирғали Ғабдушев, Салауат Мырзағалиев, Гауһар Болатбаева т.б. кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары бар. Оларға жасаған игі істері алдынан шығып, еңбектері жансын деген тілек айтамыз!
Қысқасы, баспасөз науқанын ерте бастап, есе жібермей «Серпердің» әр отбасына, әрбір құрманғазылыққа тиесілі болуын қамтамасыз етейік. Жазылу құны да қалтаңызға ыңғайлы екенін тағы бір еске салып, көп кешікпей түбіртегі қолыңызға жетсін, қадірлі оқырман!
А.Шакупова