«Серпердегі» Ғұмаровтар сәйкестігі

(0 Votes)

Аудандық газеттің 90 жылдығы тұсында тұшынып ауызға алатын бір жайтты жазбақпын.

Байырғы оқырман ретінде байқағаным газет жылдар жүгінде Ғұмаровтар тегімен байланысты келген екен.

Бастауындағы Есенғұл Ғұмаровты көргенім жоқ. Бірақ, «Қошалақтағы мектепте» деп фельетон жазып, сынға алыпты. Оны сол жылдардағы оқушы, бүгінгі жасамыстар айтады. Баласы Есенғұлов Сәбит «Ленин жолында» көп жыл корректор болғанын көзім көрді.

Ақырын жүріп, анық басатын Қисым Ғұмаров көп жыл редактордың орынбасары болды. Бала жасымнан оқып өстім. Еңбек адамдарының образын бергенде суреттеудей-ақ суреттейтін. Қара мақалалар тоғытылып, очерктер жарқ ете қалатын. Сатиралық журнал «Арадан» сықақ-әзілдері көрініп тұратын. Бірде республикаға танымал, озат шопан Таңат Жұмағалиев туралы өлең-очерк жазды. Қисақаң газеттен зейнеткерлікке шықты.

Қисымның ағасы Дүйсенғали Ғұмаров мәдениет саласында жүрсе де үнемі редакциямен байланыста болды. Хабар-ошар, сын-сықақ, әзіл-оспақ жазудың машығын меңгерген жан-тұғын. Малшылар арасына автоклубпен көп шығады. Сондайда жаңалықты жариялап жүретін. Шопандарды көңілдендіріп, күлкіге көміп отыратын. Көзіміз көрген қара күштің иесі О.Ділмұқашев туралы «Орынбайдай мықты бол!» деген суреттемесі есімде қалыпты.

Арамызда жүрген Жұмақай Ғұмаровты алғаш 1982 жылы көрдім. Әскерден келген Нұрым Ерғалиев екеуміз Т.Құрманғалиевтың алдына бара қалдық. Шашын жатқызып қайырған жарасымды, жампоз жігіт отыр екен. Тұрар ағаның сұрағына біздің шатпағымызға байланысты байыпты жауап беріп отырады. Жұмекеңнің жазғандарын Ж.Мұғалов деген псевдониммен де оқып жүрдік қой.

Асқар Ғұмаров ағамыз әке, ағаның ізін жалғастырып газетке кейін келді. Мектепті, жоғары оқу орнын орысша бітірген, мемлекеттік қызметтерде істеген. Асекең қазақша газет жанрына жұғысып кетті. Жазғандарын әсірелемей, боямасыз береді. Дереккөздеріне сүйеніп, реми жағына көп көңіл бөледі.

Асанәлі Асқарұлы Ғұмаров жаңа технология дендеп енгенде келіп, фототілші болып біраз жыл жұмыс істеді. «Серперде» жүріп ҚР Журналистер одағына мүше болып қабылданды.

Қанат Зарлыханұлы Ғұмаров талап-талантымен, қабілет-қарымымен «Серперде» танылды. Оқырмандар арасында автордың жазғандарына сүйсінетіндер көп. Қанаттың жазғандары жинақы, тілі тұшымды, - деп пікір білдіріп жатады.

«Серпер» газетінің тарихында аталған Ғұмаровтардың алтауы бір әулеттен екен. Екеуі бөлек-бөлек Ғұмаровтар. Жалпы, мұндай сәйкестік пен кездейсоқтық сирек болатын құбылыс-ау.

Есмұхан Жанизин

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT