«СЕРПЕРДІҢ» ҚҰРДАСТАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

(0 Votes)

Құрманғазы, Еңбекші ауылдық округтерінде тұратын, бүгінде тоқсанға толып отырған ақсақалдар Заит Хабибуллин мен Ниғымет Жанқанов ауданымызға есімі жақсы танымал ақсақалдар.

Зайт ағамыз соғыс жылдарында «Серпердің» баспаханасында жұмыс жасаған. Екеуі де кезінде штаттан тыс тілшілеріміз болды, яғни, жиі жазып тұрды. Қазір де тұрақты оқырмандарымыз. Аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова уақыт бөліп, арнайы барып редакцияның қос ардагерін құттықтап шықты. Заит Хабибуллин ағамызбен кездесуде Айнагүл Күнұзаққызы:

– Қазіргі жағдайға байланысты газетіміздің тоқсан жылдығын бұған дейінгідей кең көлемде тойлауға мүмкіндік болмай отыр. Жыл басында жоспарлаған шараларымыздан бас тартуға тура келді. Бәріңізді түгелдей жинап, марапаттай алмағандықтан, ресми шарамызды шағындау етіп өткіземіз. Сол себепті өзіңіздей ағаларымызды елеусіз қалдырмай құттықтап шығайық деген ниетпен келіп жатырмыз. Еңбегіңіз өте көп. Кезінде газеттің өз дәрежесінде шығуына үлкен үлес қостыңыз. Одан кейінгі жылдарда түрлі қызметте жүрсеңіз де басылымнан қол үзбей, тұрақты оқырманымыз ретінде жиі мақала жазып тұрдыңыз. Біз, кейінгі буын сіздерді құрмет тұтып, қастерлейміз. Апай екеуіңіз ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, аман-есен отыра беріңіздер, - деп құттықтау хат пен естелік сыйлығын табыс етті.

Өз кезегінде Зайт ағамыз:

– 1932 жылы, Голощекиннің кезінде басымыздан ашаршылықты да өткіздік. Одан кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында ерте еңбекке араластық.Соғыс кезінде, 1944 жылдары аудандық газетте верстальщик болып жұмыс жасадым. Станокты қолмен айналдырамыз. Ол кезде баспаханадан «Балықшылар үні» мен «Красный Каспий» деген екі аудандық газет шығады. Нан, ақша жоқ ауыр уақыттар. Кейін Атырау қаласына барып жүргізушілік курсты бітіріп, 1952 жылдары облыстық партия комитетінде көлік жүргіздім, ауылға келіп басқа салада еңбек еттім. Алайда, сол кездегі аудандық «Ленин жолы» газетіне, үлкейгенше «Серперге» жиі мақала беріп тұрдым. Тоқсан жасқа келгенімде қолдап жатқан мемлекетімізге, аудандық басылымның басшысы ретінде құттықтап жатқан сізге көп рахмет айтамын. Қаламдарыңыз мұқалмай, таралымдарың артсын!, - деп батасын берді. Еңбекші ауылдық округіндегі Ниғымет Жанқанов ағамыздың қасындағы үстелде аудандық және облыстық газеттер жатыр. Біз барғанда бір газетті оқуда екен.

ajnagul1

Бұдан біраз жыл бұрын кездескенімізде «Серпердің» әр нөмірін бірнеше қайтара оқитынын, тігіп, сақтап қоятынын жазғанбыз. Бүгінде үлкейсе де жанында «Серпер» жатқаны көңілімізге жылу ұялатты. Көзі көргенімен, құлағы естімейді. Аудандық газеттің бас редакторы Айнагүл Күнұзаққызы құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстағаннан кейін жұбайы Ханым апай:

– Газеттеріңіздің тоқсан жылдығы құтты болсын! «Белсенді оқырманымыз, газетіміздің құрдасы, штаттан тыс тілшіміз болып еді», деп ұмытпай, іздеп келіп жатқандарыңыз үшін үлкен рахмет! Өзі де сіздерді жиі айтып отырады. Жақсылықтарың алдыңнан шықсын айналайын! Аман жүріңдер, - деп ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT