Міне, үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығына мерзімдік басылымдарға жазылудың науқаны да өз мәресіне жетті.
Таралымымыз 5522 дана, жыл басына қарағанда бұл жолғы көрсеткішіміз төмендеу екені көрініп тұр. Мұның өзіндік себептері де жоқ емес. Бірінші жартыжылдықтай емес, жауапты науқанның жаздың басталуымен тұспа-тұс келіп, көпшілігіміздің кезекті еңбек демалысына шығуымыз да әсерін тигізбей қоймағаны белгілі жайт. Жан-жақтан құрсаулаған қымбатшылық та өз салқынын тигізгенін айтпай кетуге болмайды. Дейтұрғанмен сүйікті «Серперімен» сан жылдардан бері бірге келе жатқан мың сан оқырмандары бұл жолы да сенім білдіргеніне аса қуаныштымыз. Қазіргі уақыттағы қаптаған интернет ресурстары, басқа да ақпарат көздері емес әдеттегі қағазға басылған газетті таңдағандары үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Жазылу науқанының өз дәрежесінде өтуіне округ әкімдерінің белсенді атсалысқандарын айта кетуге тиіспіз. Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев алдымен жоспар болжамын артығымен орындағанын айтып ақпарын түсірді. Соңғы жылдары Жүсіп Сүлейменұлының өз жұмысын қамшы салдырмай-ақ атқара беретініне шанымыз 100 пайыз болатын. Сафонның әкімі Роза Хамзаева да іле-шала меже биігінен көрінгенін мәлімдеді. Көптоғайдың су жаңа әкімі Жастілек Хасанов отырған бойда жетпей тұрған 30-40 дананың ретін қарастырып, ауыл тұрғындарына да, бізге де қабілет-қарымының қаншалықты екенін байқатып-ақ тастады. Науқан аяқталуға жақын Орлы, Бірлік, Шортанбай, Дыңғызыл, соңғы сәттерде Құрманғазы, Еңбекші, Мақаш, Азғыр, Нұржау, Қиғаш округтері белгіленген болжамды орындап, көңіліміздегі көп күдікті сейілтті. Қалған округтерде қарап қалмады, қадери-халдерінше жаздыртуға тырысты. Қалай үгіт-насихат жүргізгендерін хабарласқан сәттерімізде шет-жағасын өздері де айтқан болатын. Алыстағы Асан ауылының әкімі Гүлім Қабдіражитова қарамағындағы екі ауылдың бірінде пошта байланысы бөлімшесінің жоқтығы қолбайлау болып отырғандығын айтып телефонның ар жағынан шыр-пырының шығуының өз неге тұрады?! «Барымен базар» деген, осы орайда болжамнан шыққаны бар, шықпағаны бар баспасөзге жазылу науқанын ұйымдастыруда қолдау білдіргендері үшін ауыл басшыларының баршасына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ерекше рахметімізді науқан сайын өздеріне ыстық «Серперіне» жазылуды ұмытпайтын киелі Құрманғазы топырағында туылған немесе бір кездері еңбек еткен Атырау қаласындағы, өзге аудандардағы 50-ге тарта тұрақты оқырманымызға айтқымыз келеді.
Әр мерзімдік баспасөзге жазылу науқаны кәсіпкерлердің, іс басындағы жомартқол азаматтардың көмегінсіз өтпейтіні ешкімге де жасырын болмас. Бұл жолы онсыз да қиын жағдайда жүргендерін ескеріп көмектесуді өтініш етпеген болатынтыз. Алайда, газеттің тұрақты жанашыры, жеке кәсіпкер Еркеғали аға Таяшев 20 дана, жақында ғана кәсіпкерлік салаға ауысқан, бұрынғы әріптесіміз Қанат Ғұмаров 100 дана, жас кәсіпкер Мерей Болатұлы 10 дана «Серперге» жаздыртып мәрттік жасағанын айта кеткеніміз ләзім. Жарнамаламаса да «Төбеаралойл» ЖШС(Н.Хамитов), «Құрманғазы СДО» ӨК(Б.Кенжебаев), басқа да ауыл әкімдерінің қолқасына бейжай қарамайтын атымтай жомарт кәсіпкер азаматтардың, шаруагерлердің қарасы қалың екенін жақсы білеміз. Сондай-ақ, елдік іске қарамағындағыларды жұмылдыра білетін мекеме басшыларының да барын сеземіз. «Серпер» сіздерге сенді, сенім биігінен көрінгендеріңізге мың сан рахмет!
А.НӘЖІМОВ,
бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы