2020 жыл құтты, бейбітшілік, бақыт, жаңа табыстар, тосын жаңалықтар жылы болсын аса қадірменді, ардақты оқырмандар!
Өздеріңіздің аудан айнасына деген құрмет, ынтызар көңілдеріңіздің арқасында бұл жылдың алғашқы 6 айын ойлаған, үміт еткен биік меже – 6535 дана таралыммен бастағалы отырғанымызды қуанышпен хабарлағанды жөн санадық. Бұл әріптес аудандардың ең алдыңғы сапында тұрғанымызды айшықтайтын айрықша көрініс. Жалпы 2020 жылдың мерзімдік басылымдарының барлық түріне жазылудан киелі өңір – Құрманғазы ауданымыз көш басында тұрса, бұл осы бір өте жауапты саяси науқанда үлкеніміз-кішіміз, басшымыз-қосшымыз болып, мәселеге жоғары маңыз беріп, тас-түйін бірліктің үлгісін көрсете алғандығымыздың белгісі.
Ауданның жалғыз түйір төл басылымына көрсетілген болжамға сай жазылуды ұйымдастыруға аудан әкімі Қайрат Нұртаев өзі бас болып белсенділікпен араласты. Қарамағындағы бөлім басшылары мен округ әкімдеріне, т.б. лауазым иелеріне тапсырмалар беріп, газетке жазылудың округтер бойынша барысын жіті назарда ұстап қадағалап отырды.
Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова алқалы басқосулар мен түрлі жиналыстарда жалпы мерзімдік басылымдарға жазылудың жоғары маңызын айтып ескертуден жалыққан емес. Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Елшат Асқарқызы төл міндетін бір сәтке кейінге ысырып, ертеңді-кеш осы мәселені ғана құнттаумен айналысты. Осы аудан айнасына 27 жыл үзбей басшылық жасаған ардагер журналист Таңатар Дәрелұлының «Серперді» жылдағы биік межеден түсірмеу қамында жасаған қам-қарекеті кейінгі буын бізге ұдайы өнеге демекпіз.
Ауыл-аймақты ауданның төл газеті «Серперге» жаздыртуды жете ұйымдастырған округ әкімдеріне, бөлімдер, мектептер, балабақшалар басшыларына, жағдайы көмек күтетін отбасылар мен ардагерлерді өз есептерінен жаздыруды дәстүрге айналдырған аудан белсенділеріне, атымтай жомарт кәсіпкерлерге айтар алғысымыз шексіз.
Сонымен, «Серперге» 2020 жылдың алғашқы жарты жылына жазылу деңгейі жөнінде оқырмандарымыздың қаперіне мына мәліметтерді бермекшіміз. Бұл жұмысты бас-аяғы 1 ай шамасы мерзімде тәмам қылып, өзге әріптестеріне үлгі-өнеге көрсеткен Бірлік ауылдық округі 7 дана артық жаздырды. Бұл мәселеде бұрын ауыр округтердің бірінен саналып келген «Көптоғай» көк Туды екінші болып желбіреткендей әсерге бөледі. Шамасы 1 дана асырды. Бұл жолы Кудряшов ауылдық округі де маңдайы жарқырап алдан көрінді. Орлы ауылдық округінің есебі де тап-тұйнақтай болды. Мақаш ауылдық округінен «көп хабарласып мазалай бермеңіз, болжам орындалады» деген сенімді сөз естіліп еді, топ бастаған серкедей мәреге 8 дана «Серперін» артығымен арқалап жетті.
Айтулы Қамат Ғаббасовтың ізіндегі округ – Еңбекші еңсені биік ұстап 21 дана болжамнан тыс орындады. Мәселеге округтегі ардагерлер кеңесінің, мектеп, балабақша ұжымдарының, осындағы ет кешенінің белсенділікпен араласқаны жұртшылыққа ұдайы үлгі болып жатты. Шортанбай -10, Байда -12, Дыңғызыл-10 дана болжамның үстінде көрінсе, округтегілердің жауапкершілік жүгін қаншалықты жоғары сезінгенін аңғарудың қиындығы жоқ. Бұл мәселеде Сафон округі уәдеден тайқып көрген емес. Айтады да, уәдесіне тұра біледі, 4 дана артығы бар. Тапсырмадан 23 дана асыра білген Қиғаш ауылдық округіне «ал керек болса» деп жағаңды ұстағандайсың. Бұл жолы Ақкөл ауылдық округі айызды әбден қандырды. 450 данаға жаздыру оңай шаруа емес-ті. Оның үстіне газет ауылға уақтылы келмейді» деген үлкен реніш бар. Ұйымдастырудың, сөзін өткізе білудің нәтижесінде болжам барлық мерзімдік басылымдар бойынша артығымен орындалды.
Айды аспаннан бір-ақ шығарғандардың бірі – Мұрабек Рифхатұлы. Белгіленген межесі де тым биік. Көп ұлтты үлкен округ 1390 дана «Серперге» жазылуға тиіс болса, оны олар 165 дана асырып орындады. Бұл іспен Құрманғазы ауылдық округінде тұрақты айналысып келген округ әкімінің орынбасары Мерей Әжігереевтің, бас маманы Ақтоты Нұрболатқызының еңбектері де ұшан-теңіз екенін айтқымыз келеді. Болжам межесімен шыққан барлық округтердің әкімдеріне, білім, денсаулық, ішкі саясат, полиция бөлімдерінің басшы-қосшыларына айтар алғысымыз шексіз. Сонымен бірге, Атырау қаласы мен өзге аудандардан газетке жазылған оқырмандарымызға зор ризашылығымызды білдіреміз. 2020 жылда отбастарыңыз, ұжымдастарыңыз аман болып, қай салада да тек жоғары нәтижелерді еншілей беріңіздер, демекпіз.
Жағдайды жасырмай айтсақ, кейбір округтер қанша тырысқандарымен болжамға бережақ болып қалды. Нұржау – 54, Жаңаталап-47, Теңіз – 24, Сүйіндік бақандай – 61, Асан – 56, Азғыр – 3 данаға кем орындап, әріптестерінің соңынан орын алуға мәжбүр болды. Бірақ, келер жолы бұл ағаттықтан арылып, алға тырысар деген үміттеміз.
Өйткені, «Серпер» осы жылы торқалы 90 жасына толатын абыз газет. Облыс өңіріндегі өзіндей аудандық газеттердің ағасы. Демек, оның санын кемітпеу, оқырмандарын, сапасын арттыра беру – редакция ұжымына міндет. Міндет үдесінен шығу – ортақ абырой. Хабар-ошар, жаңалықтардың баршасына дерлік әлеуметтік желілер желімдей жабысып жатқан тұста газет таралымын тұрақты ұстау – ерлікке пара-пар еңбек. Аман-сау, айтулы аудан айнасының сол торқалы тойында қуанышпен жүздесуді Алла нәсіп еткей!
Айнагүл Шакупова